Ақжар ауданында өткен “Солтүстік-2025” қысқы спорт фестивалінің хоккей жарысынан финалының соңы төбелеске ұласты. Ақтық сында жарыс қожайындары қарсыласына есе жіберіп, Уәлиханов ауданының хоккейшілері чемпион атанды. Бізде бар ақпарға сүйенсек, матч аяқталып, қонақ команда ойыншылары киім ауыстыру бөлмесіне қарай беттеп бара жатқан кезде қарсы алдарынан жанкүйерлер шығып, кикілжің басталған. Ашуға мінген бір топ адам имек таяқ шеберлеріне тап беріп, жұдырық ала жүгірген. Мұның соңы жаппай төбелеске ұласты.
Бұл оқиғадан кейін облыстық шайбалы хоккей федерациясының төрағасы Константин Серик аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовке ашық хат жолдап, аудан басшылығы мен спорт басқармасын “Жарысты дұрыс ұйымдастыра алмады” деп айыптап, кінәлілерді жауапқа тартуын сұраған болатын. Осыған байланысты облыстық әкімдікте өңір жетекшісінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың басшылығымен жиын өттті.
КОНСТАНТИН СЕРИК, СҚО шайбалы хоккей федерациясының басшысы:
– Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Фестиваль бойы жанкүйерлер өздерін агрессивті көрсетті. Әдепсіз сөздер айтып, ойыншыларды қорқытқандары да болды. Бұл мәселені қолға алу керек. Жанкүйерлер матч барысында мәдениетті болуы тиіс. Әлемдік додаларда мұндай оқиғалар үшін алаң иелеріне айыппұл салынады. Бізге де сондай жүйе енгізу қажет.
Жиынға Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев қатысты. Оның сөзінше, оқиға орнында 20-дан астам тәртіп сақшысы болған. Жағдайды бақылауда ұстаған. Кінәлі деп танылған жанкүйерлер бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:
– Негізі, айтарлықтай төбелес болған жоқ. Менің білуімше, Уәлиханов ауданының жанкүйері қақпашымызды иығымен қағып кеткен. Барлығын бақылауда ұстап, тез арада төбелесті тоқтаттық. Біз бұл шараға 1 жыл бойы дайындалдық. Фестивальге қатысушылардың барлығы жарыстардың жоғары деңгейде өткенін жеткізді.
Мән-жайды толық тыңдаған аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мият Ерханға қатаң сөгіс жариялады.