Қоғам

СҚО-да әйгілі археолог тапқан қорғанды теріскейлік оқушылар зерттеуде

Теріскейдің тумасы Марал Хабдулинаны еліміздің археологтар, тарихшылар мен өлкетанушылар қауымы жақсы біледі. Білдей Кемел Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтын басқаратын жерлесіміз 70-ші жылдардың басында б.з. IV-V ғасырларға тиесілі Ақтау қалашығын тауып, жан-жақты зерттеген. Бұл тарихи қорған Петропавлдың іргесінде орналасқан.

МАРАЛ ХАБДУЛИНА, К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Астана қаласы:

– Қорғанды зерттеу барысында оған Ақтау атауын бердік. Археология саласында жаңа табылған орынға маңайындағы елдімекендерге немесе табиғи ерекшеліктеріне байланысты ат қою түсінігі бар. Қалашық ерте темір кезеңіне жатады. Осы жалғыз дерек арқылы Петропавлға дейін шаһардың төңірегінде адамдар тұрған және құрылыс жүргізілген деп сенімді түрде айтуға болады.

Ізденуден жалықпаған Марал Қалымжанқызы осы еңбегі арқылы күллі Қазақстан тарихына маңызды жаңалық әкелді. Қазба жұмыстары 3 жылға созылған. Әр сантиметрді сабан арасынан ине іздегендей қарайтын археологтар бақандай 17 гектарды немесе 1700 шаршы метрді қамтыпты. Сонда 2 мәдени-тарихи әлемнің ұштасқанына көз жеткізген.

МАРАЛ ХАБДУЛИНА, К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Астана қаласы:

– Қорғанды салу арқылы дала және дала-орман мәдениеті үйлесім тапқанын көреміз. Бұрын жазық жерлерде көшпенділер жүрді. Ал орманды мекендерде ауылдар, қалалар салынды. Қорғану мақсатында тұрғызылған ескерткіш – 2 әлемнің қосындысы. Алайда, қалашықта кімдердің тұрғаны белгісіз. Қазір сүйектер арқылы зерттеу жүргізетін генетика саласы дамып келе жатыр. Алдағы уақытта өзгеріс орын алуы да мүмкін.

Сол өзгерісті Марал Хабдулинаның ізін жалғар жергілікті оқушылар әкелуі мүмкін. Бүгінде Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің оқушылары Ақтау қалашығын зерттеп жатыр. Бұған дейін жоба әзірлепті.

АЛИНА ТҰЯҚОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Жобамен 10-шы сыныптан бастап айналысудамыз. Жетікшіміз бар. Солнечный ауданын араладық. Ақтау қалашығы Есіл өзенінің бойында орналасқан. Жұмысымызды байқауда ұсындық.

Жоба қалалық байқауда жүлде еншілеген. Талапты оқушылар бұнымен тоқтап қалмақ емес, олар қорған жайлы әлі де дерек жинамақ. Жалынды жастар болашақта Ақтау қалашығы этноауылға айналғанын қалайды.