Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектеп пайдалануға берілді

“Орман” ықшам ауданында ашылған білім ұясы 600 балаға шақталған. Салтанатты жиынға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Облыс әкімі құттықтау сөзінде жобаның маңыздылығына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Біздің балалар жайлы, жаңа, барлық заманауи стандарттарға сай мектепте білім алуы тиіс. Себебі, жеткіншектерге жағдай жасалса, арамыздан әлемді бағындыратын өнертапқыштар шығатынына сенім мол. Өрендерге жағдай жасап қана қоймай, біз 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтыдық. Мұнда 40 білікті ұстаз балаларға сабақ беретін болады.

Шарада концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Ұл-қыздар қазақтың рухты әндерін шырқап, би де биледі.

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысты. Әр бөлмеге бас сұғып, жоғары бағасын берді. Білім ошағының әдемілігі таңдай қақтырады. Мектеп базасы балаларға қажетті барлық құралмен жабдықталған. Нысанда 30-дан астам оқыту бөлмесі, 2 спорт зал, компьютер кабинеттері, мәжіліс залы мен кітапхана және асхана бар. Шара барысында мектеп ұстаздары өңір жетекшісіне өздерінің тың идеяларын ұсынды.

Жаңа білім ұясына барған оқушылардың қуанышында шек жоқ.

САБЫР АНЕЛЬ, №28 орта мектебінің 8-ші сынып оқушысы:

– Өзім тұратын ауданда жаңа мектеп ашылғанына қуаныштымын. Мен өзім баскетболмен айналысамын. Ал мұнда мен үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп өте үлкен. Маған ұнайды.

Бұған дейін ата-аналар да алысқа қатынайтын балалары үшін алаңдайтын. Себебі, көптеген білім ошақтары қаланың орта бөлігінде орналасқан. “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны Нұрбек Оразаев ұл-қыздарының су жаңа мектепте білім алатынына дән риза.

НҰРБЕК ОРАЗАЕВ, ата-ана:

– Бүгін ата-аналар үшін де ерекше күн. Бұрында мұндай жайлы мектепті армандайтынбыз. Заманауи білім ошағына да қолымыз жетті. Осы сәтті көп күттік. Себебі, мен өзім балаларымды мектепке қаланың бір шетінен, екінші шетіне апаратынмын. Әрине, үйіміздің дәл жанында болмаса да жақын орналасқан. Мектептің қолданысқа берілетінін естігенде ұл-қыздарымның құжатын алып, бірден осында әкелдім. Балаларым заманауи мектепте оқығаны жақсы ғой. Мүмкін мен білмейтін жақсы қырлары ашылып қалар.

Мектепте ерекше білімді қажет ететін балалар да білім алатын болады. Мұнда оларға да барлық жағдай жасалған. Ал нысанның аумағы 4,5 мың шаршы метрді құрайды.

ГҮЛЖАН ЖАҚАНОВА, №28 жалпы білім беретін мектептің директоры:

– Ерекше білімді қажет ететін балаларға жаңа сауықтыру құралдарын әкелдік. Арнайы жиһаздар да бар. Мектеп екі блоктан тұрады. Бірінде бастауыш сынып оқушылары оқыса, екіншісінде орта және жоғары сыныптағылар оқиды.

Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы Петропавлда тағы бір мектеп қолданысқа берілмек.

 

Нұрасыл Ахмет