НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Адамдардың хайуанаттардың ішіндегі ең жақсы көретіні – құстар. Осы тіршілік иелерін қазақ халқы атам заманнан құрметтеген. Мәселен, бүркітті – ержүректіктің, аққуды – махаббаттың, қарлығашты мейірімнің нышанына балаған. Осындай құстардың бірі де бірегейі – көгершін. Бүгін дәл осы құспен жақын танысу теріскейліктерге бұйырып отыр.
Петропавлда араға 9 жыл салып көгершіндер көрмесі өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірі мен Ресейден келген құс баптаушылар қатысты. Олар бейбітшілік символы саналатын қанаттының 20-дан астам түрін ортаға қойды. Жалпы саны 300-ге жуықтайды.
ВИКТОР КАЛЕГАНОВ, “Возрождение” әуесқой көгершін өсірушілер клубының төрағасы:
– Мұндай халықаралық көрме осымен 4-ші рет өткізіліп отыр. Ресейдің Омбы, Қорған, Челябі қалаларынан көгершін баптаушылары келді. Тиісінше, біздің тарап та көрші мемлекетке барып тұрады. Еліміздің әр қаласынан құрметті қонақтарды күтіп алдық. Шараға біршама уақыт дайындалдық. Жергілікті серіктестік демеушілік жасады. Барлығына алғысым шексіз.
Көгершін баптау – Семей қаласының тұрғыны Төлеухан Жұмажановтың хоббиі. Бұл іспен 15 жылға жуық айналысады. Азамат жұмыстан шаршап келгенде әдемі құстарға қарап ләззат алады екен. Ол Петропавлға “Семипалатинские шалевые” атты қанаттыны әкелген.
ТӨЛЕУХАН ЖҰМАЖАНОВ, көгершін өсіруші, Семей қаласы:
– Мен басқа көгершінді ұнатпаймын. Тек осы түрі ғана ұнайды. Күтімді қажет етеді. Қыс кезінде кептерлер үшін қораны жылытамын. Суыққа шыдамсыз.
Шара көрме түрінде ғана емес, байқау ретінде де өткізілді. Қазылардың талабы бойынша қанаттылардың басы, тұрған тұрысы және белсенділігі ескерілді. Сайысқа сонау Ресейдің Челябі қаласынан келген Сергей Мицуков көгершіннің 15-тен астам түрін баптайды. Азамат – қазіргі таңда өз аймағындағы “Птица-радость” кептер өсірушілер клубының президенті. Ол жарыстан бас жүлдені еншілеуге үмітті.
СЕРГЕЙ МИЦУКОВ, “Птица-радость” көгершін өсірушілер клубының президенті, РФ:
– 4 жасымнан көгершін баптаймын. Қазір 61 жастамын. Отбасылық кәсіп деп айта аламын. Кептерлерге тек тамағын беріп қана қоймай, олармен сөйлесе білу керек. Ресейде мұндай тіршілігін иелерін ұстайтын адамдар көп. Қомақты қаржыға сатып алатындар да бар. Менің балаларым да көгершінді жақсы көреді.
Көгершіндер көрмесі солтүстікқазақстандықтардың көңілінен шықты.
– Көрменің болатынын құрбымнан естідім. Негізі, көгершіндерге аса қызықпайтынмын. Бүгін аталған құстың бірнеше түрін көрдім.
– Әдемі дүниеге әрқашан қызығуға болады. Өзім ғана келмей немерімді де ертіп келдім. Қазір мүмкін болса, 1 көгершін сатып аламын.
Шарада кептерлер сатылымы да өтті. Теріскейліктерге қырғауыл да ұсынылды. Байқауда жеңімпаз бен жүлдегер атанған құс баптаушылар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұрасыл Ахмет