Жол тазалау мәселесі аманаттықтар мен жолшылардың қатысуымен өткен партиялық бақылау комиссиясының отырысында талқыланды. Мамандардың айтуынша биыл өңірдегі облыстық маңыздағы жолдарды қардан тазалауға 1 млрд теңге бағытталып отыр. 13 ауданда бұл іске жауапты кәсіпорындардың саны жетеуден аспайды.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Облыстық маңыздағы жолдарды қардан аршуға 100-ден астам техника тартылады. Сондай-ақ, 375 ауыл шаруашылығы құрылымымен меморандум жасалды. Аудандық маңызы бар 1 мың шақырымға жуық жол және кентішілік жолдар солардың есебінен тазартылады.
Республикалық маңызы бар жолдардың қыста жағдайын жасауға
1,4 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының директоры Талғат Смағұлов баяндады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Кәсіпорынның қарамағында қар тазалауға арналған 130-ға жуық техника бар.
ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚазАвтоЖол» АҚ СҚОФ директоры:
– Нормативтік талаптарға сәйкес 136 қар тазалау техникасы қажет. 6 техниканың жағдайы нашар, оларды қарашаның 15-іне дейін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Биыл тағы 19 техниканы жалға алу көзделген.
Данаш Хамза