Биыл “Даму” қорының облыстық филиалының ашылғанына 20 жыл толып отыр. Қор мамандары өңірде кәсібін бастағысы келетіндерге және жұмысын одан әрі дамытуға ниетті жандарға жан-жақты көмек көрсетеді. Жыл басынан бері қаржы ұйымы 827 жобаны мақұлдапты. Бағытталған қаржының көлемі 101,8 млрд теңгені құрайды.
САЛТАНАТ УӘЛИХАН, “Даму” қоры СҚОФ клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі менеджері:
– Кәсіпкердің қайда және немен айналысатынына байланысты пайыз беріледі. Мысалы, қала бойынша кәсіпкер өндіріспен айналысса, оның 1-ші үш жылы 8 пайызбен. 4-ші жыл 9 пайызбен төленеді.
Айтулы күнге орай жергілікті филиалдың мамандары БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, өздері субсидиялаған және кепілдік ұсынған кәсіпкерлік нысандарымен таныстырды. Алғашқы кәсіпорында медициналық жабдықтар мен түрлі металл бұйымдары өндіріледі.
Серіктестік 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпкер Сергей Рябчинский 2022 жылы құрал-жабдық алу үшін қорға жүгініп, несие рәсімдеген.
СЕРГЕЙ РЯБЧИНСКИЙ, серіктестік директоры:
– Несие 19,5 пайызбен рәсімделді. Оның 8 пайызын “Даму” қоры субсидиялады. Бұл – біз үшін зор көмек. Ұсынылған ақшаға қажетті құрал-жабдық сатып алдық. Біздің серіктестікте 60-тан астам қызметкер бар. Кадр жетіспейді. Келем деген жандарға жұмыс дайын. Орташа жалақы – 250 мыңның шамасында.
Келесі нысан – 10 жылдық тарихы бар жиһаз өндіретін компания. Олар тек өңір бойынша емес, ел бойынша да тапсырыс қабылдайды. Жақында жеке кәсіпкер екінші цехын іске қосты.
АЙДАР ҚОЖАНТАЕВ, жеке кәсіпкерліктің директоры:
– “Даму” қорының көмегі арқылы жоспарымызды орындадық. Пайыздық үстемеақымен рәсімделген несиенің 8 пайызын қор жапты. Шотқа түскен ақшаға құрылысқа қажет өнімдер, жиһаз өндірісіне керек құрал-жабдықтар сатып алдық.
Кейін филиал өкілдері журналистерді зияткерлік академиясына ертіп барды. Онда ниет танытушы жандарға қаржы бойынша кеңес беріледі.
Мәдина Қаби