Иә, ештеңе етпейді. Петропавлдық “Kuanysh” қыздары бұған дейін бөркімізді аспанға атқызған. Еңсені түсіруге себеп жоқ. Жақында жергілікті волейбол командасы Клубтық Азия чемпионатында бақ сынады. Өкінішке қарай, Тайландта төртінші орын бұйырды.
Алда алар асу жетерлік. Қазанның 15-сі күні Петропавлда Қазақстан Кубогы бастау алады. Дәстүрлі дода Петропавлда өтеді. Қазір “Kuanysh” қыздары соған тыңғылықты дайындалып жатыр. Жергілікті жанкүйерлерді жерге қаратпау – басшылық пен волейболшылардың басты мақсаты.
АЗАМАТ ЕСІМОВ, “Kuanysh” ВК бас бапкері:
– Жарыста 8 команда бақ сынайды. Біздің топта қарағандылық, ақтөбелік және өскемендік клубтар бар. Қазір мықты ұжымды атау мүмкін емес. Жарыс маусымы қарсаңында ұжымдар жаңа ойыншылармен толығатындықтан, “мына команда чемпион” болады дей алмаймыз. Қазақстан Кубогы сәуірдің 21-і күні мәресіне жетеді.
Маусым қарсаңында “Kuanysh” волейбол клубы жаңа ойыншылармен толықты. Қатарға қосылғандардың арасында шетелдік спортшылар да бар. Бас бапкер Азамат Есімов олардан зор үміт күтіп отыр.
АЗАМАТ ЕСІМОВ, “Kuanysh” ВК бас бапкері:
– “Kuanysh” қатарына Болгария ұлттық құрамасының ойыншысы Петя Баракова қосылды. Ол алаңда пас беруші қызметін атқарады. Сонымен қатар, Украина ұлттық құрамасы сапында өнер көрсететін Юлия Дымар келісімшартты ұзартты. Командаға көңілім толады. Алдағы уақытта қатарымыз тағы толығуы мүмкін. Бірақ, кімнің және қашан келетіні әзірге белгісіз.
Солтүстікқазақстандық ұжымның намысын отандық спортшылар да қорғайды. Олардың бір бөлігі өзіміздің шәкірттер болса, екінші жартысы – бұған дейін өзге командаларда ойнаған бұрымдылар. Мысалы, Аяулым Тұрдыханова Петропавлға Талдықорғаннан келді.
АЯУЛЫМ ТҰРДЫХАНОВА, “Kuanysh” ВК ойыншысы:
– 6 жыл волейбол ойнаймын. Осыған дейін “Жетісу” және “Айқаракөз” командаларында ойнадым. Жаңа командам өзіме ұнады.
“Kuanysh” қыздарының Қазақстан Кубогы аясындағы алғашқы ойыны қазанның 15-і күні кешкі 18:30-да басталады. Алғашқы қарсылас – “Aktobe” командасы. Жергілікті клуб өкілдері жанкүйерлерді қолдау көрсетуге шақырады.
Байболат Құлтанов