Петропавл ЖЭО-ның №9 және №3 турбоагрегаттарының күрделі жөндеу аяқталды. Сондай-ақ, 9 қазандық пен 3 турбоагрегаттағы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жасалды. №1 қазандық пен №6 турбоагрегатты күрделі жөндеу жалғасуда. Айта кету керек, жылыту маусымын бастау үшін 5 қазандық пен 5 турбогенератор қажет. Ал өңірдің қара отын, яғни көмірмен қамтамасыз етілу мәселесі жайлы энергетика және тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы мәлімдеді.
ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
– Қазіргі таңда облысымыздың 98 пайыз қазандықтары дайын. 99 пайыз әлеуметтік және 95 пайыз тұрғын үйлер дайын. Бюджеттік ұйымдар үшін 140 тонна көмір дайындалған. Халыққа 209 мың тонна көмір дайындалған. Көмірдің дайындық жұмыстары маусым айынан бері жүргізілуде. Бұдан бөлек халықты хабардар ету үшін әлеуметтік желілер және БАҚ хабарламалар таратылды.
Аймақ басшысы құзыретті мамандарға жылыту маусымына дайындығын пысықтап, жеткілікті көлемде алуды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі облысымыздың тұрғындарына да қара отынды ертерек алып әзірлеп қоюды сұрады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз әрдайым айтамыз, бірақ, дегенмен де халықтың көпшілігі көмерді суықтың келуімен даярлайды. Қазіргі таңда барлық әлеуметтік мекемелерді 100 пайыз көмірмен қамтамасыз етсек, тұрғындар арасында бұл көрсеткіш төмен. Тек қана 52 пайыз. Сондықтан да мен БАҚ-ты пайдалана отырып облыс тұрғындарына суық кезенді күтпей қазірден бастап отын-көмірді әзірлей берулерін сұраймын.
Жаңа құбырдың құрылысы ағымдағы жылдың шілде айының ортасында басталған. Жылыту маусымына дайындық жөніндегі кеңесте “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ басшылығы объектіні тапсырудың нақты мерзімдерін айтты.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:
– Түтін құбырын салу мерзімін 15-ші қарашаға дейін жоспарлап отырмыз. Келесі жылдың 1-ші мамырынан 1-ші қыркүйегіне дейін соңғы кезең бар. Яғни жер асты бөлмесі салынады, құбырға қажетті сигналдық белгілер салынады. 2025-2026 жылыту маусымында пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Барлық жұмыстар 2025 жылдың 1-ші қазанында аяқталады.
Жалпы алғанда облысымыздың 2-ші ЖЭО жылыту маусымына дайын. Жұмыс істеп тұрған құбырлар солтүстікқазақстандықтардың үйлеріне тұрақты жылу беруді қамтамасыз етуге қабілетті. Алайда, инженерлік желілердің тозу мәселесі ерекше бақылауға алынады, деп атап өтті өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінгі таңда СҚО-да проблемалық мәселелердің бірі – инженерлік желілердің жоғары тозуы болып табылады. Жылумен жабдықтауға келетін болсақ, бүгінде 75%, электрмен жабдықтаудың 88% тозуы бар. Бүгін біз күн тәртібінде осы мәселелерді қарастыруымыз қажет. Жоғарыда айтқанымдай, біз өңірдің жылу-энергиямен қамтамасыз ету жүйесіндегі негізгі объектіде тұрмыз. Сондықтан да ЖЭО-ға біздің өңір тұрғындарының үлкен назары шоғырланған.
Қазіргі уақытта 2-ші ЖЭО-да салынып жатқан құбырдың биіктігі шамамен 50 метрді құрайды.