Қоғамда онкология десе төбе шашы тік тұрмайтын адам жоқ. Өкінішке қарай, әзірге әлемде аурудың ізін де қалдырмайтын дәрі жасалмай тұр. Алайда, алдын алу жолдары мәлім. Мысалы, жатыр мойны обыры деген бар. Ол 200-ден аса себеппен пайда болады. Соның ішіндегі бірнешеуі өлімге әкем соқтырады. Адам папиллома вирусы. Бұл емделмейді, түптің түбінде нәзікжандыларды жақынынан айыратын қатерлі ісікке алып келеді.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Елімізде жыл сайын 600-ге жуық азаматша адам папиллома вирусына негізделген қатерлі ісіктен көз жұмады. Біз осының алдын алу үшін 11 жастағы қыздарға халықаралық деңгейде мойындалған екпе қоймақпыз. 4 валентті вакцина АҚШ-тан сатып алынады. Ол үшін тиісті қаражат бөлінді. Айта кетерлік маңызды жайт, болашақта Қазақстанда жас көрсеткіші төмендеуі мүмкін.
Тамыз айының басында өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БАҚ өкілдерімен кездесті. Сонда осындай мәлімдеме жасады. Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда қыркүйектің соңында немесе қазанның басында жеткіншек қыздарды иммундау басталады. Әрине, бұл жерде ата-ананың келісімі ескеріледі.
НАИДА НАБИУЛЛИНА, СҚО онкологиялық орталықтың гинеколог-дәрігері:
– Бүгінгі таңда біздің елімізде өзектілігі жағынан жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Яғни, мыңдаған науқас тіркелді. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін Қазақстан батыл шешім қабылдады дегім келеді. Әлемнің 75 мемлекетінде екпе бұрыннан қолданылады. Оларда көрсеткіш бірсыпыра төмен. Жатыр мойны ісігі жылдан-жылға “жасарып” жатқанын да байқаймыз. Бұрын оған орта буындағы әйелдер шалдығатын. Қазір қыздар да есепке алынуда. Мысалы, менің емдеуімде 24 жастағы науқас болды.
“Адам папиллома вирусына қарсы екпе неге 11 жастағы қыздарға салынады?” деген сұрақ автоматты түрде туындайды. Оның себебін гинеколог-дәрігерден сұрадық. Айықпас ауру көп жағдайда ерте төсек қатынасы салдарынан пайда болады. Маманның пікіріне құлақ түріңіздер!
НАИДА НАБИУЛЛИНА, СҚО онкологиялық орталықтың гинеколог-дәрігері:
– Ең басты міндет – төсек қатынасына дейін иммундалу. Үлкен өмірге аяқ басқан шақта қыздардың бойында арнайы антидене болуы тиіс. Ол адам папиллома вирусына қарсы тұрады. Сондықтан, Қазақстанда 11 жас таңдалды. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Екпе мәжбүрлі түрде салынбайды. Ата-ананың келісімі міндетті түрде алынады. Бұл жерде әрбір адам өзінің көзқарасына қарай шешім қабылдауы қажет.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Біле жүрген маңызды, бұған дейін Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жұмысы жүргізілген. Яғни, алдағы науқан елімізде алғашқы емес. Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын Қазақстанның 4 облысындағы мыңдаған қыз иммундалыпты. Нәтижесі мәлім. Жаға ұстатарлық жағдайлар тіркелген жоқ.
Қазір қоғам екіұшты пікірде. Біреулер екпе алуға қарсы емес. Күндегі дәрісіне күмәнмен қарайтын халықтың екінші жартысы болса қыздарының болашағына балта шабудан қорқады. Ал кейбір тұрғандар иммундау маусымы жайлы естімеген.
– В первый раз такое слышу. Это моя внучка, поэтому родители будут решать. А вообще как относитесь к вакцинациям? – Положительно.
– Мы вообще от всех прививок отказываемся, поэтому я даже не в курсе, что там осенью начинается.
– Агитация слабая. Мы не информированы практически. Сейчас онкология, по-моему, на втором месте после сердечно-сосудистых заболеваний.
Сөз соңында статистикамен бөлісеміз! Қазір өңір есебінде жатыр мойны обыры дертіне шалдыққан 563 науқас тұр. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз аралығында тізімге 39 адам қосылыпты. Дерттен 9 бірдей жерліміз көз жұмған. Қоса кетейік, қыркүйектің 14-і облыстық онкологиялық орталықта “Ашық есік күні” шарасы өтеді. Онда білікті дәрігер азаматшаларға қабылдау жүргізеді.
Байболат Құлтанов