Күні кеше ғана ел астанасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бастау алғаны белгілі. Мына жеткіншектер бүкіл әлемді өзіне қаратқан дүбірлі додада ел намысын қорғап жатқан отандық спортшыларды қолдауда. Бүгін Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан сайыс өтті. Бір ерекшілігі, мұндай қолдау шарасы еліміздің барлық аймағында бір күнде және бір уақытта өтуде.
ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, облыстық тоғызқұмалақ федерациясы басшысының орынбасары:
– Сайыс жеткіншектердің ынтасын арттыру мақсатында өтіп жатыр. Тоғызқұмалақ өңірімізде қарқынды дамуда. Айналысамын деген жастардың саны жыл сайын артып жатыр.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, қолдау шарасына теріскейлік 150 оқушы қатысуда. Ниет танытқан жастардың негізгі бөлігі – осы білім ұясының шәкірттері. Себебі, мектепте аталған спорт қарқынды дамыған. Тоғызқұмалақ үйірмесі 2011 жылы ашылыпты. Сол уақыттан бері білім ұясының оқушылары бірнеше облыстық жарыста жеңімпаз атанып, республикалық додаларға үнемі қатысып отырады екен. Соның бірі – Нұрсат Қатранов. Жеткіншек болашақта тоғызқұмалақты көзді жұмып ойнайтын дәрежеге жеткісі келеді.
НҰРСАТ ҚАТРАНОВ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 5-ші сынып оқушысы:
– Тоғызқұмалақпен айналысқаныма 6 жыл болды. Сол уақыт ішінде 5 рет облыс чемпионы атандым. Алдағы уақытта ел чемпионы атанып, келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқым келеді.
Айта кету керек, қыркүйектің 14-і күні тоғызқұмалақтан оқушылар арасында облыстық чемпионат өтеді.
Нұрасыл Ахмет