ТКШ

Бескөлдегі орталық қазандық күрделі жөндеуден өтуде

Қақаған қыстың да ауылы алыс емес. Қауырт маусымда бірсыпыра бескөлдіктің үйі мен әлеуметтік маңызды нысан мына қазандық арқылы жылытылады. Ол солтүстіктің сақылдаған суығына, ақтүтек боранына шыдас беруі тиіс. Сондықтан, мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазандықта мұндай күрделі жөндеу жұмысының жүргізілмегеніне 10 жылдан аса уақыт болған. Жоғары температура мен қысымға темірдің өзі шыдамайды. Сынады, жарылады немесе шіриді. Оқыс оқиғаға қыстың ортасында жол бермеу үшін негізгі жабдықтар жаңасына ауыстырылып жатыр.

Маңызды іспен Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов арнайы танысты. Атқамінер қазандықтардың барлығын бағалап шықты. Қыркүйектің 20-шы жұлдызына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауды да тапсырды.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– 1200 абонентіміз бар. Қазандыққа екі қабатты 82 үй мен 23 әлеуметтік нысан қосылған. Маусымға сапалы дайындық жүргізіліп жатыр.

Күн тәртібінде көмірге қатысты мәселе жоқ. Қара отын жоспарға сай жеткізілген. Алдағы уақытта кезекті лек қабылданбақ.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Көмірді сатып алудамыз. Осы нысанда және қосымша қоймада 600 тонна жуық көмір бар. Жалпы қажеттілік – 10 мың тонна.

Айта кетейік, Петерфельд ауылында да орталық қазандық бар. Оған қосылған нысан саны Бескөлдегідей айтарлықтай аз. Бірақ, жергілікті билік ол жақтағы жұмысты да біржақты еткен.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Оны да толыққанды жөндеуден өткіздік. Ауылдағы қазандыққа екі қабатты 7 үй қосылған. Қазір үйлерді аралап, желілерді тексеріп жатырмыз.

Қызылжар ауданында жылыту маусымының қашан басталатыны белгісіз. Шешім ауа райына байланысты қабылданатын болады.

 

Байболат Құлтанов