Қаз-қатар тізілген курсанттар үшін бүгін маңызды күн. Өйткені, олар санаулы минуттан кейін ант қабылдап, әскери азаматтардың қатарына ресми түрде қосылады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған тепсе темір үзетін 200-ге жуық сарбаз төрт жыл бойы әскери академияда оқиды.
Нұрлан Боранбай – арман қуып келген жас. Ұлттық ұлан академиясына түсуді 5 жыл армандаған. Бірақ, соңғы екі жыл бойы қадамынан түк шықпай, бағы биыл жанды.
НҰРЛАН БОРАНБАЙ, ҚР ҰҰ әскери академиясының 1-ші курс курсанты:
– Кішкентай кезімнен әскери өмірге қызығатын едім. Анам мен әкем Көкшетау қаласынан келіп отыр. Әскери өмір мен үшін қиын емес. Өйткені, мен бұдан бұрын «Жас ұлан» мектебінде оқығанмын.
Ұлттық ұландық атану әсте оңай шаруа емес. Өйткені, әскери өмірдің темірдей талабы мен қиындықтарына тек нағыз ерлер ғана төзе алады. Ел қорғандары академияға жазда қабылданды. Бір ай көлемінде полигонда болып, сынақтан өтті. Осы уақыт аралығында темірдей тәртіпке бейімделіп, мамандықтарының қыр-сырын меңгереді.
АЙДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҰ әскери академиясының взвод командирі:
– Елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттерді орындайтын, ол – біздің әскерилер болып табылды. Осы жылғы және осыған дейін болған барлық курсанттар өте жақсы, мықты болып келді. Ізбасарларыма айтарым, талмай оқысын.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген курсанттар білім ордасында 4 жыл бойы тәлім алады. Кейін офицер шені беріледі.
Мәдина Қаби