Спортшылардың емес, ақ халатты абзал жандардың жарысы! Петропавлда жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек бригадаларының республикалық спартакиадасы бастау алды. Оған қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен командалар келді. Дәстүрлі шара облысымызда кездейсоқ өтіп отырған жоқ.
ҒАЛИЯ НҰРҰТДИНОВА, ұйымдастырушы, Астана қаласы:
– Бұл шара осымен 5-ші рет өтіп отыр. 20 команда бақ сынайды. Өткен жылғы жарыста СҚО-ның намысын қорғаған команда жеңіске жетті. Осылайша, сайыс осы өңірде өткізілетін болды.
Сынға түсетін командада 3 маман болады. Ал сонау Семейден 8 адам келіпті. Шығыстағы ағайын қолдау көрсету үшін Петропавлға қосымша билет алған екен.
ЛЯЗЗАТ СПАНОВА, инструктор-дәрігер, Абай облысы:
– Біздің команда 1 дәрігер және 2 фельдшерден тұрады. Жақсы дайындалдық. Тәжірибелі ұжымдардың біріміз.
Жарыс барысын халықарылық тәжірибесі бар мамандар, сонымен қатар жоғары оқу орындарында сабақ беретін ұстаздар қадағалайды және бағалайды. Олар әр тапсырмаға жіті назар аударады.
ЛЯЗЗАТ СПАНОВА, инструктор-дәрігер, Абай облысы:
– Жарыста жылдамдыққа да, сапаға да мән беріледі. Сайыс 3 кезеңнен тұрады.
Бұл жарыста тәжірибелі мамандар да, тәжірибесі аздау қызметкерлер де бақ сынайды. Олардың ұраны – ең бастысы жеңіс емес, мүмкіндік сынау. Адам өміріне араша түсер жандар осындай сайыстар арқылы да әріптестерінен сабақ алғысы келеді.
БАХТИЯР МЫРЗАБЕКОВ, фельшер, Ақмола облысы:
– Бұған дейін мұндай жарысқа қатыспадық. Нәтижені көре жатармыз. Өзім тәжірибе жинағым келеді.
Республикалық деңгейдегі жарыс тамыздың 10-ы күні өз мәресіне жетеді. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Байболат Құлтанов