Қоғам

Жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі

Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері “Мансап” ұйымының мамандарымен бірлесіп, бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шараға жұмыссыз жүрген жастар келді, оларға арнайы шақырылған сала мамандары еңбек орнын ұсынып, сұрақтарына жауап берді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Оқуын аяқтаған, қолына дипломын алған жастар көп жағдайда жұмыссыз қалып жатады. Бүгінгі жәрмеңке – тұрақты табыс көзін табуға жақсы мүмкіндік.

Жастарды жұмыспен қамтуда мемлекет көмекші. Осы ретте бірнеше жоба қарастырылған. Олар: “Жасыл ел”, “Жастар тәжірибесі”, “Бірінші жұмыс орны” және “Ұрпақтар келісімшарты”. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орнына тұрып, қоғамдық іске кірісіп кетуге болады. Мамандардың айтуынша, бұндай бастамалар – өмірден өз орнын тапқысы келген жастарға бағыт-бағдар беруде таптырмас құрал.
Мәселен, “Жасыл елге” 14 пен 35 жастағы жандар бара алады. Еңбек етеді, нәпақа табады, тәжірибе жинайды. Николай Языков оқу оқиды. Жазғы демалыста жұмыс істейді. Жасылелдіктердің қатарында еңбек етіп, ай сайын 85 мың теңге жалақы алады.

НИКОЛАЙ ЯЗЫКОВ, “Жасыл ел” жасағының мүшесі:

– «Жасыл ел» жақсы мүмкіндік береді. Менің бүгінгі жәрмеңкеге келудегі мақсатым – тиімділігі де, табысы да мол басқа жұмыс орнына орналасқым келеді. Жаңа мамандармен сөйлестім, сұрақтарыма жауап алдым.

Жәрмеңке барысында жастарға ақпараттық жаднамалар таратылды. Шараға барлығы – 100-ге жуық адам қатысты.

 

Анель Шаяхметова