Баяндамадан гөрі базына маңызды! Өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, жерлестерімізбен жүздескен Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев кездесуді осылай бастады. Алаңдатарлық мәселе жеткілікті. Соның бірін Петропавл ботаникалық бағының директоры Артур Рязапов көтерді. Өсімдік атаулыға жаны жақын жерлесіміз Береке ықшам ауданындағы Сенная көлінің жойылып бара жатқанын алға тартты.
АРТУР РЯЗАПОВ, Петропавл ботаникалық бағының директоры:
– Тұрғын үйлердің, әлеуметтік маңызы бар нысандардың маңында су айдынының болуы – әлемдік тренд. Дамыған елдерге назар аударайық. Әр ауданда көл бар немесе өзен ағып өтеді. Халық соның жағасында демалады. Балық аулайды, суретке түседі. Ал біз құрылыс жүргізіп, барымызды құртқалы тұрмыз. Бұған жол берілмеуі тиіс.
Артур Рязапов мәселеге қатысты видео әзірлеп әкеліпті. 4 минуттық туындыны жиналғандар кірпік қақпай тамашалады. Онда аумағы әжептәуір көлді қамыс пен қоқыс басқанын көруге болады.
МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
– Жыл артқан сайын елді мекендердің аумағы кеңейіп жатыр. Осыған байланысты мұндай проблемалар туындауда. Мысалы, дәл осындай мәселе Астана қаласында бар. Эколог ретінде айтарым, бұл көлді сақтап қалу керек. Су айдынына құстар қонады, балық болады. Біз өз тарапымыздан жергілікті басшылыққа тиісті ұсыныс береміз.
Түрлі мәселе талқыланған жиыннан соң Экология және табиғи ресурстар вице-министрі жеке қабылдау өткізді. Мансұр Ошурбаевпен кездесуге Аққайың ауданынан тұрғындар келді. Өздерін көрсетпеуді өтінген жерлестерімізді үйлерден таяқ тастам жерде салынған элеваторлар алаңдатады. Астық сақтау орындарынан шаң тарайды, дыбыстан құлақ тұнады, маңайға көртышқан жайылады. Дұрыс жолдың жоқтығы да мазаны қашырып тұр. Базынаны тыңдаған атқамінер проблеманы шешу үшін бірнеше органның есігін қағу қажеттігін айтты. Экологтар да көмектеседі. Алайда, түйткілді тамырымен жұлып алуға мүмкіндік жоқ.
МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
– Жергілікті экология департаментінің басшысына тапсырма бердім. Ол тұрғындарға өз телефонын береді. Тұрғындар хабарласқанда шақыру орнына барып, сол жердегі шаңның мөлшерін тексереді.
Бұдан соң Мансұр Ошурбаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Көз тоймайтын табиғатымыздың сұлулығын жер-жерде шашылған қоқыс қашырып тұрғаны жасырын емес. Қалдықтар сыртта ғана емес, елді мекендердің, қалалардың ішінде де бар. Бұған бірден-бір себеп – заманауи полигондардың жоқтығы. Вице-министр мәселеден хабардар, сандармен де таныс.
МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
– Бүгінгі таңда облыста ресми 11 ғана полигон бар. Бұл өте аз. Осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілуі керек.
Заманауи қоқыс полигондарын салу үшін қыруар қаражат керек. Министрлік қолдау көрсетуге даяр. Тек мәселе бүгін-ертең шешілмейді. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін өңірімізде бірнеше қалдық тастау, сұрыптау алаңдары жұмысын бастайды.
Байболат Құлтанов