Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына. Кеше Достық үйінде осындай атаумен дөңгелек үстел жиыны өтті. Отан отбасыдан басталады. Елдің дамуы ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, тал бесіктен басталатын тәрбие мәселесі жанұяның басты құндылығы болудан қалып бара жатыр дейді қоғам белсендісі Жанат Мұхамеджанов. Осы орайда жиынға қатысушылар жанұялық құндылықтар жайлы сөз қозғап, келген ата-аналарды өз перзенттеріне үлгілі тәлім-тәрбие беруге шақырды.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:
– Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің. Сол себепті тәрбие ең алдымен үй ішінде берілуі тиіс.
Шаңырақтың іргесін берік етіп, ішін мейірім мен махаббатқа толтыру – ата-ананың қолында. Жас жанұялар смартфонға телміре бермей, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуі тиіс дейді сарапшылар.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:
– 2023 жылғы Қазақстандық қоғамдық даму институты қазіргі заман балаларының неге агрессивті екенін зерттеген болатын. Сонда жеткіншектердің 47 пайызы үй ішінде ата-аналарынан жылу берілмейтіндігі жайлы айтты.
Жиынға тәртіп сақшылары да шақыртылыпты. Білікті мамандармен тілдесіп көрдік. Олар осы уақытқа дейін балалармен бірқатар профилактикалық жұмыс жүргізгендерін айтты.
АЙНАГҮЛ САУЫТБАЕВА, СҚО ПД инспекторы:
– Жасөспірімдер тура жолдан таймауы тиіс. Осы мақсатта көптеген жұмыс атқардық. Оқу жылы аяқталса да жазғы лагерьлерге барып, түрлі профилактикалық шаралар өткіздік.
Ағымдағы жылы “Сенімен Болашақ” республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы осы сияқты 97 іс-шара өткізген.
Нұрасыл Ахмет