“Ел боламын десең бесігінді түзе” деген халқымыздың даналығының астарында бүтін бір мемлекеттің болашағы жатыр. Ұрпағын тәй-тәй басқаннан адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін бабалар тәлімінің сабақтастығы бүгінде “Адал Азамат” жобасының мақсатымен ұштасуда. Осы бойынша облыстық Ақсақалдар кеңесі іс жүзінде ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бүгін сол мақсатта Достық үйінде алқалы жиын өтті.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
– Сөзімнің басында ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” атты ұлттық құрылтайының 3-ші отырысында айтқан сөздерін атап өткім келеді. Адал азамат – адал еңбектеніп, лайықты табысқа жетіп, әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын ең жақсы қасиеттерге ие адам. Прогрессивті ұлт болуы үшін барлық азаматтардың дүниетанымын өзгертіп, қоғамдық санаға жаңа құндылықтарды енгізуіміз қажет.
Басқосуға тәртіп сақшылары, ассамблея өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Жиында түрлі мәселелер жайлы сөз қозғалып, алдағы жартыжылдыққа жұмыс жоспары бекітілді.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
– “Адал Азамат” жобасы қоғамда бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақтастық, заң мен тәртіп және сенім мен жауапкершілік құндылықтарына негізделген жаңа этиканы одан әрі қалыптастыруға бағытталған. Мәселен, біз осыны іске асыру үшін 3-ші маусым күні дөңгелек үстел өткіздік. Аудандарға да барып тұрамыз. Ондағы тұрғындармен жиі кездесулер өткіземіз.
Жиынға тәртіп сақшыларының қатысуы бекер емес. Себебі, адамдармен әрқашан байланыста болатын – осы жандар. Білікті мамандар өзінің адалдығымен жұртқа үлгі болуы тиіс.
АИДА ШАЙМЕРДЕНОВА, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының маманы:
– Жұмысты адал істесек, белгілі бір жетістіктерге жетеміз. Бұл қызметте істеп жатқаныма 3 ай ғана болды. Бірақ, аз уақыттың ішінде барлығын өзімнен бастап, адал еңбек етудемін.
Алдағы уақытта ақсақалдар кеңесінің мүшелері түрлі ұйымдарды аралап, адал азамат ұғымы жайында кездесулер өткізбек.
Нұрасыл Ахмет