«СевЕсілЗерно» серіктестігінің астық кептіргішінде дабыл қағылды. Яғни, шартты өртті сөндіру бойынша тактикалық жаттығу өткізілді. Астық кептіргіште әдейі өрт шыққандай болды, құтқарушылар шақырылды. Дереу жеткен мамандар бірден іске кірісті.
Өрттің шығу себебі – сымның қысқа тұйықталуы. Қызыл жалын кептіргіш камерадан шыққан. От шалған аумақ – 133 шаршы метр. Тілсіз жауды сөндіруге 9 техника мен 35 адам жұмылдырылды.
БЕРІК ҚҰДАБАЕВ, қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
– Айына бір рет осындай дайындық шарасын өткізіп тұрамыз. Нәтижесінде мамандардың тәжірибесі артады. Мына жерде 10 адамды эвакуацияладық. Барлығын өрттен аман шығардық. 2 адамға медициналық көмек көрсетілді.
Қалалық 1-ші өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қайырнас Қайырбектің осы салада жұмыс істеп жатқанына 7 жыл болыпты. Айтуынша, оқу-жаттығу шарасының тәжірибе мен машық арттыруда пайдасы зор.
ҚАЙЫРНАС ҚАЙЫРБЕК, қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
– Мұндай жаттығулар жылдан-жылға көбейіп келеді. Тактикалық жаттығулардың жаңадан жұмысқа кірген адамдаға пайдасы көп, өзімізге де берері мол.
Еске сала кетейік, облыста өткен жылы 12 шаруашылық объектісінде өрт тіркелсе, биыл мұндай 2 жағдай болған.
Мәдина Қаби

