Ауыл шаруашылығы

СҚО-да 29 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Ағымдағы жылы аққайдар өлкесінде 140 мың гектар Үкіметтің иелігіне өтуі тиіс. Соңғы дерекке сүйенсек, жауапты мамандардың араласуымен 29 мың гектар қайтарылыпты. Бұл – жалпы жоспардың 20 пайызы. Демек, іске қарқын қосу қажет. Маңызды мәселе “Аманат” партиясының жергілікті филиалына қарасты “Жер аманаты” комиссиясының отырысында қаралды. Мұнда арнайы шақырылған сала өкілдері мінберге шығып, көрсеткіштерді жіпке тізді, жұмыс үрдісін баян етті. Заң бойынша мамандар меншік иесіне ұйғарым береді. Егер талап орындалмаса, техника жүрмеген немесе төрт түліктің тұяғы тимеген танаптар алынады. Жауаптылар өңір тұрғындарына көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудың қажеті жоқ екенін айтады.

АЙТБАЙ БАЙДҮЙСЕНОВ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы:

– Қайтарылған жерлердің бірсыпыра бөлігі Уәлиханов ауданына тиесілі. Аталған ауданның аумағы үлкен. Сондықтан, мемлекет меншігіне өтетін жердің де көлемі үлкен болады. Біздің жұмысымыз жайлы айтсақ, арнайы тексеріс барысында меншіктің пайдаланылмай жатқаны анықталса, иесіне ұйғарым беріледі. 1 жылдан кейін сол адамға қайта барамыз. Егер жауапты тұлға ешқандай шара қабылдамаса, жер Үкімет иелігіне өтеді.

 

Байболат Құлтанов