Ауыл шаруашылығы

СҚО-да биыл 256 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланады

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысы минералды тыңайтқыш енгізу бойынша өзге өңірлер арасында көшбасшы болып табылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және топырақтың құнарлылығын сақтау мақсатында өңір диқандары биыл шамамен 3 млн гектар жерге 256 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр. Көлем өткен жылмен салыстырғанда 66 мыңға артқан.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Осы жылы 256 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу туралы 100 пайыз шарт жасалды. 243 мыңына төлем жасалып, шаруашылықтарға жеткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 50 мың тоннаға жуығы 700 мың гектер жерге енгізілді. Бүгінде аграрлық кәсіпкерлер жұмысты белсенді түрде жалғастырып жатыр.

Агроқұрылымдардан минералды тыңайтқышқа қатысты субсидиялау жөніндегі өтінімдер биыл сәуірдің 17-сінен бастап қабылданып жатыр. Бүгінгі таңда келіп түскен 600-ге жуық өтінім қаралған. Аталған мақсатта 7 млн теңгеден астам қаражат бағытталып отыр. Оның 4 млн теңгеге жуығы игеріліпті. Мемлекеттік қызметті алу үшін Gosagro.kz порталына тіркелу қажет.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Тағы айта кету керек, “Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын артыруды субсидиялау қағидаларына” сәйкес, қызметті алушы “электрондық үкімет” www.egov.kz веб-порталы арқылы өтінім бере алады. Қызмет көрсету мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды.

Жуырда бейінді министрлік отандық тыңайтқыш түрлерін аванстық субсидиялау тәсілін енгізу туралы жаңа бұйрық шығарды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Дулат Тайшабай түсіндіріп берді.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ағымдағы жылдың 7-ші наурызында Ауыл шаруашылығы министрлігің бұйрығымен “Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына” сәйкес өзгерістер енгізілді. Оның ішінде субсидияларды аванстық төлеммен алу көзделген. Тыңайтқыш үшін субсидия нормасы 60 пайызға дейін ұлғайтылды.

Қоса кетейік, диқандарды қолдау мақсатында тыңайтқыш құнын бөліп төлеу мәселесі де пысықталған.

 

Ақжүніс Мұқатай