Білім

НЗМ мектебінде спорттық бағдарламалаудан іріктеу туры өтті

Назарбаев Зияткерлік мектебінде жас ойшылдар арасында спорттық бағдарламалау бойынша жарыс ұйымдастырылды. Бұл сайыста оза шапқандар ел чемпионатына жолдама алады. Бәсекеге облыстың түкпір-түкпірінен 20 оқушы қатысты. Көп ұзамай жеңімпаз да белгілі болды. Ол – IT-мектеп-лицейінің оқушысы Данил Аксенов.

ДАНИЛ АКСЕНОВ, жарыс жеңімпазы:

– Жеңгеніме қуанып тұрмын. 6 тапсырма болды. Менде соның 5-еуін дұрыс орындадым. Аса қиын болды деп айта алмаймын. Өзіме оңай болған сияқты.

Ал, НЗМ оқушысы Фариза Шалабай – 3-ші орын иегері. Ол математика, информатика пәндеріне қызығады екен. Бір қызығы, жеткіншек сайыста орын аламын деп ойламаған.

ФАРИЗА ШАЛАБАЙ, жарысқа қатысушы:

– Бағдарламалауды информатика сабағында 8, 9-шы сыныптардан бері қолданамыз. Спорттық бағдарламалаумен осы жылы ғана айналыса бастадым. Үш есепті шығарғанда қобалжыған едім.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Спорттық бағдарламалаумен айналысқан бала негізінде өзінің мамандығын IT саласында көреді. Жалпы, жарыс республикалық деңгейге іріктеу ретінде өтіп жатыр.

Жарыс жеңімпаздарына арнап “Freedom Holding Corparation” компаниясы 1 млн теңге бөлді. Қомақты қаржы үздіктер арасында бөлінді. Сонымен қатар, 2 солтүстікқазақстандық бағдарламашы Астана қаласында спорттық бағдарламалау бойынша өтетін әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

 

Мәдина Қаби