Қоғам

Жеңіс саябағында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Жеңіс саябағында да сұрапыл соғыста опат болған ардагерлердің рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Қолдарына портрет пен гүл ұстаған тыл еңбеккерлері мен әскерилер, мемлекеттік қызметшілер, полицейлер және жастар легі ұзын-сонар кезек құрды. Жиналған қауым Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Қала тұрғыны Жолдыбай Ахметов жыл сайын жанұясымен бірге әкесі Қабен Ахметовты еске алып отырады.

ЖОЛДЫБАЙ АХМЕТОВ, қала тұрғыны:

– Мына кісі – менің әкем Қабен Ахметов. 1912-ші жылы туған. 42-ші жылы оны соғысқа алып кетті. Соғыстан 46-шы жылы шілде айында бірақ келді. Жыл сайын Жеңіс саябағына келеміз. Әкем Дальный Востокта жапондарға қарсы шықты. Әкемнің батырлығы туралы балаларға да айтамын.

Баланы әкеден, ананы баласынан, әйелді ерінен айырған сұрапыл жылдар. Ұлы Отан соғысы қазақ халқы үшін ұмытылмас қайғылы жылдар болып қала береді. Соғыс кезінде азаматтардың ерлігін халық ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да.

– Мынау – менің атамның портреті. Майданға 19 жасында аттанған. Фин соғысына түсіп, кейін Ленинград шайқасына қатысқан. Соғыс кезінде жүргізуші болды. Ладога көлі арқылы азық-түлік тасыды.
– Менің әкем Ленинград шайқасына қатысты. Барлаушы болды. Ол кісінің ерлігі туралы балаларым мен немерелеріме мақтанышпен айтып отырамын.
– Бәрін соғысқа алып кетті. Үйде үшеуіміз: мен, анам және сіңлім қалды. Мен анамнан қалмай бірге жұмыс істедім. Бұл күнді ұмыту мүмкін емес. Ұрпақ бейбіт күннің қадірін білуі керек.

 

Гүлден Сембаева