Қоғам

ҰОС ардагері Валентина Волкодав құттықтау қабылдады

Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Волкодав та құттықтау қабылдады. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ашық аспан сыйлаған азаматшаға алғыс айтып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын табыс етті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Уважаемая Валентина Архиповна, от всей души поздравляю вас с Днём Великой Победы. Примите искренние слова благодарности за ваш бесценный вклад в дело защиты нашей Родины, ваше мужество, стойкость, самоотверженность. Годы войны навсегда останутся в сердцах потомков. Желаю вам крепости духа, здоровья и долгих лет жизни. С уважением, Президент РК Касым-Жомарт Кемелевич Токаев.

Естеліктер ұмытылмайды. Соғыс ардагері облыс әкіміне өткен күндері туралы әңгімеледі, суреттер көрсетті.

Валентина Волкодав 1922 жылы Украинада дүниеге келген. Оның жауынгерлік жолы 41-ші жылдың 1-ші қазанында басталады. Нәзікжанды сержант шенімен Қызыл Армия қатарында Беларусь және Украин майдандарында жауға қарсы тұрады. Ол Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Кейуана қиын-қыстау шақты күрсіне еске алады.

ВАЛЕНТИНА ВОЛКОДАВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мен пионер, комсомол, есепші болдым. Бір күні соғыс басталды. Әкем майдан даласына аттанды. Ол ұрыс кезінде оң аяғынан айырылып, мүгедек атанды. Кіндік әкем мен оның ағасы да – жауға қарсы тұрған жандар. Бірі Ленинград майданында жан алысып, жан берісті. Оқ қарша бораған күндер әлі есімде. Енді мұндай болмасын. Соғыс – ең ауыр зұлымдық.

Соғыстан кейін Валентина Архиповна Қазақстанға қоныс аударды. Целиноград қаласында керамикалық зауытта жұмыс істеді. 1992 жылдан Петропавл қаласында тұрады. Биыл ардагер 102 жасқа толды. Ғасырдан асқан кейуана сенімді сөйлейді, көзінде өмірге құштарлық оты сөнбеген.

Валентина Волкодав – шөбере сүйген солтүстікқазақстандық. Ардагерді жеңістің 79 жылдығымен үлкен жанұя тегіс құттықтады.

 

Байболат Құлтанов