Қоғам

Тыл еңбеккерінің өмір жолы

Сұрапыл соғыста жауынгерлермен қатар, тыл еңбеккерлері де аянып қалмады. Ер азаматтар қолдарына қару алған шақта әйелдер мен жас балалар фабрика, зауыт және алқапта аянбай тер төкті. Тимирязев ауданына қарасты Комсомолькое ауылының тұрғыны Александр Добрунов ол кезде небәрі 7 жаста болды. Анасынан ерте айырылған жерлесіміздің әкесі соғысқа аттаныпты. Қайта келмес жастық шағын Балалар үйінде өткізген қария кейбір сәттерді ұмытып қалған.

АЛЕКСАНДР ДОБРУНОВ, тыл еңбеккері, Тимирязев ауданы:

– Әкем мені Балалар үйіне тапсырып, алып кетем деп уәде берді. Алайда, соғыс аяқталғаннан кейін ешкім келмеді. Балалар үйінде азық-түлік таусылып қалып, бізді жан-жаққа таратты. Ауыл шаруашылықтарына 10-15 адамнан жіберді. Қиын болды. 51-ші жылы тракторшы мамандығына оқыдым. Осылай сала өкілі атандым.

Александр Добрунов басынан өткен оқиғаларды көзіне жас ала баяндап берді. Тыл еңбеккері шілде айында 90 жасқа толады. 2 бала тәрбиелеп, 6 немере мен 8 шөбере сүйген. “Басты байлығым – осылар”, – дейді қария.

ЛЮДМИЛЛА ЗЕЛЕНКОВА, тыл еңбеккерінің қызы:

– Он у нас до сих пор работает, все делает сам.

Жерлесіміз еңкейген шағында да жұмыс істеп жүр. Ол үйін қарайды, бау-бақша да ұстайды. Бойдағы еңбексүйгіштік қасиет әлі де қол қусырып отырғызбайды. Оның үстіне қиын-қыстау шақтың куәгері жалғыз өзі тұрады. Қазіргі таңда Тимирязев ауданында 20-дан астам тыл еңбеккері бар.

 

Гүлден Сембаева