Қоғам

Облыс әкімі ҰОС ардагері Василий Макиенконы мерекемен құттықтады

Василий Васильевич Макиенко II дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені, “Кенигсбергті алғаны үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған. Бұл – соғыс ардагерінің есебіндегі тек бірнеше медальдардың атауы. Соғыс жылдарында ерен еңбегімен көзге түскен ардагер биыл өзінің 98 жылдық мерейтойын атап өтті. Ардагерді мереке қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін осындай керемет мереке қарсаңында сізді арнайы құттықтайын деп келдік. Мемлекет басшысының арнайы сәлемдемесін жеткізіп, сыйлықтарымызды алып келдік. Президентіміздің құттықтау сөзін жеткізуге рұқсат етіңіз. Құрметті Василий Васильевич, шын жүректен сізді Жеңіс күнімен құттықтаймын. Біздің мемлекетіміздің қорғанысы үшін ерен еңбегіңіз үшін алғыс білдіреміз. Сіздің қайратыңыз әрқашанда өскелең ұрпақтың есінде қалады. Сізге қажымас қайрат пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Василий Васильевич сол қиын кезеңнің естеліктерімен бөлісті. Оны 1943 жылы әскерге шақырған. Басында ардагер 44-ші запастағы атқыштар полкіне түсіп, ал әкесі 37-ші атқыштар полкінде қызмет атқарған. 44-ші жылдың басын майдангер Беларусь мемлекетінде қарсы алған. Кейін ардагер 5 жыл бойы десантшы ретінде қызмет етіп, ұшақтан 75 рет секірген. Қызмет бабымен суға да, орман ортасына да қонуға тура келетінін айтады. Сол мемлекетте Василий Васильевич жұбайымен кездесті. Соғыс жылдары ардагердің жұбайын да айналып өтпеген. Биыл, өкінішке қарай, ардагер 73 жыл бойы отауласқан жарынан айырылған.

ВАСИЛИЙ МАКИЕНКО, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Екі жыл соғыстан соң мен 5 жыл бойы десанттық батальонда қызмет атқардым. Менің арқамда 75 парашуттен секіру бар. 1950 жылы әскерлер қатарынан шығарылып, азаматтық жұмысқа орналастым. Көп жылдар бойы құрылысшы болып қызмет атқардым. Зейнетке шығар алдында соңғы 10 жыл бойы «Есіл су» серіктестігінде жұмыс істедім.

Василий Макиенконың 3 қызы, 5 немересі және 6 шөбересі бар. Соңғы кездері денсаулығы сыр бере бастаған. Бірақ, Кеңес әскерлерінің батыры бүгінгі күнге дейін салауатты өмір салтын ұстануға тырысады.

 

“Первый Северный” телеарнасы