Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұл күннің мән-маңызын Табиғат-Ана да сезінетін сыңайлы. Таңда Петропавл аспанында бұлт сейілмей, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысы бар миллиондаған жанның шерін, көңілдегісін тамшы болып түсірді. Бүгін күрсінеміз, күлім қағуға да себеп бар. Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Осыған орай облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары «Мәңгілік алау» мемориалы маңына жиылды. Дәстүрге сай жанын пида еткен жандар еске алынбақ.

Еске алу шарасына Василий Макиенко да келді. Жасы ғасырға таяған Ұлы Отан соғысының ардагері бүгінгі мерекеде қанды көйлек қаруластарының рухына көппен бірге тағзым етуді шешкен. Театр алаңы халыққа лық толып, жүргізуші даусы естілер сәтте жаңбыр да тоқтады, аспан ашыла бастады. Сезімтал деп баға беретін Табиғат-Ананың осы бір құбылысы соғыстан кейінгі кезеңді елестетті. Көп кешікпей дүйім жұртты Жеңістің 79 жылдығымен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметі ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Құрметті жерлестер! Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын. Бұл – ерлік пен бірліктің, даңқ пен батырлықтың күні. Бүгін майданда қалған жауынгерлерді еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Аға буын жасаған ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Қиын-қыстау шақтағы жандардың ерлігі мен еңбегі мың беттік кітапқа сыймайды. Оларды еске алу – жалпыға парыз.

Құрбандар еске алынған соң көпшілік «Мәңгілік алау» мемориалына қарай беттеді. Қарақұрым халық алдында – облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен соғыс ардагері Василий Макиенко. Алғашқы гүл шоқтарын жалынды жастық шағында ел үшін етікпен су кешкен жерлесіміз қойды.

Жиналған халықта есеп жоқ. Барлығы лаулаған алауға көз салды, майдангерлерді еске алды. Анар Маратқызы күллі әулеттің атынан келіп отыр. Оның жолдасының атасы Жанайдар Тәжиев соғысқа қатысыпты. Берлинге дейін барып, жеңісті жақындатқан екен.

АНАР МАРАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

– Бұл кісі көп жарақат алған. Көзі жараланғанын суреттен де байқауға болады. Соғыс біткесін Петропавлға келеді. Орман шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Атамызды әр жылдың Жеңіс күнінде еске аламыз.

Жерлестеріміздің тілегі бір – еліміздің амандығы, соғыстың болмауы. Сонымен қатар, үлкендер жастар жағы баға жетпес бейбітшіліктің қадірін білгенін қалайды.

– Біз – соғыстан кейінгі ұрпақпыз. Бәрін білемін. Қиын болды. Жеңіс күні құтты болсын! Ұрпағымыз мұндай соғыс көрмесін!
– Бейбітшілік сыйлаған ата-бабамызға өте ризамыз. Елімізде тек тыныштық болсын! Тәуелсіз Қазақстанды бірліктен айырмасын.
– Желаю всем здоровья, счастья, благополучия и самое главное, чтобы было мирное небо над головой! И не было войны!

Біреу білсе, біреу білмес, Екінші дүниежүзілік соғыс табаны күректей 1418 күнге созылды. Қан майданды бастан өткерген 55 солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

 

Байболат Құлтанов