Қоғам

Даңқ ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін қызылжарлықтар қалалық саябақтағы Даңқ ескерткішінің алдына жиылды. Түрлі ұйым өкілдері, еріктілер, қала тұрғындары жаумен арпалыста жеңіп, ұрпаққа бейбіт өмірді аманат етіп кеткен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Геннадий Языков еске алу шарасына жылда қатысады. Қарияның әкесі соғыста болып, елге аман-есен оралған. Геннадий Назарович кешегі ерлердің ерлігін жақсы біледі.

ГЕННАДИЙ ЯЗЫКОВ, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Айтулы күнде ата-әжелерімізге, ағаларымызға басымызды иіп, алғыс білдіреміз. Себебі, олар жерді жауға бермес үшін, жастардың болашағы үшін жандарын пида етті. Өзімнің екі бірдей әкем соғысқа қатысқан. Туған әкем – Назар Васильевич, соғыста денесінің 70 пайызын от шалған. Екінші әкем – Семен Васильевич Берлин қаласын алуға атсалысқан. Олар маған соғыс жайлы көп айтатын еді, сондықтан, мен олардың ерліктері туралы жақсы білемін.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Руслан Сенкебаев кейінгі ұрпақ ардагерлердің ерлігін ұмытпауы керек, бейбіт өмірді бағалауы қажет дейді.

РУСЛАН СЕНКЕБАЕВ, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Отан үшін жанын қиған солдаттар мәңгі есімізде. Жыл сайын солдаттардың аруақтарына гүл шоқтарын қоямыз. Қалалық әкімдік мамандары жылда соғыс, тыл ардагерлерін, олардың ұрпақтарын осы жерге шақырамыз.

Бұл күні қала тұрғындары барша жұртты мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

– Құрметті жерлестер, сіздерді келіп жеткен Жеңіс күнімен құтттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Әрқашан бірге, аман болайық.
– Барлығын да бүгінгі мерекемен құттықтағым келеді. Сіздерге денсаулық, ашық аспан тілеймін. Соғыс ешқашан болмасын.

 

Мәдина Қаби