Интернет-алаяқтарда аяушылық деген қасиет мүлде жоқ. Олар қорасында жалғыз малы бар жанды да шалқадан түсіруі әбден мүмкін. Осыны ескерсек, қазіргі таңда тасқын кезінде зардап шеккен жандар сан соғып қалуы әбден мүмкін. Қуанышымызға орай, облыста әлі көңілге қаяу салар факт тіркелмеген. Мұны тілшілерге криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин айтты.
ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
– Әлеуметтік желіде “қулар мемлекеттік органдардың өкілі ретінде тасқыннан зардап шеккен адамдарға хабарласып, келіп түскен смс-ті хабарлау” жайлы ақпарат тарауда. Мұндай дерек біздің облыста тіркелмеді. Осы орайда халыққа айтарымыз бар, төлем мен өтемақы мемлекеттік органдарға бару немесе ресми көздер арқылы ғана тағайындалады. Ешкімге келген кодтарды жолдаудың, айтудың қажеті жоқ.
Соңғы уақытта күмәнді қаржылық жобаларға қатысу жайлы хабарламалар көбейіп кетіпті. Адамдарға ақша ауадай қажет кезеңді алаяқтар жақсы біледі. Сондықтан, өздерінің жоспарларын ұсынады.
ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
– Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны осындай әдіс арқылы құрыққа түсті. Наурыз айында ол YouTube-та инвестиция салып, ақша көлемін молайту жайлы хабарландыру көреді. Сілтемеге өтеді, деректерін ұсынады. Артынша Telegram арқылы хабарласқан адамның айтқандарын орындайды. Яғни, 990 мың теңге аударады. Бастапқыда салым өседі. Бірақ, қала тұрғыны қаржыны шығара алмайды. Осыдан кейін ғана алаяқтарға алданғанын түсінеді.
Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 254 интернет-алаяқтық фактісі тіркеліпті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 243 жайт анықталған. Өкінішке қарай, осы сандар қоғамның әлі де сенгіш екенін аңғартады.
Байболат Құлтанов