Денсаулық сақтау

Еуропалық иммундау апталығы басталды

Қызамық, сіреспе, қызылша және тағы басқалары. Көбі елей бермейтін, алайда, адам өміріне айтарлықтай қаупі бар кесел түрлері өте көп. Оның алдын алудың жалғыз жолы – вакцина қойдыру. Бірақ, екпені құптамайтын да баршылық. Мысалы, сіреспе пен көкжөтел сырқаттарының 83 пайызы вакцина алмаған жандарда кездеседі екен.

АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Облыста 2024 жылы А вирустық гепатитінің 5 жағдайы тіркелді. Оны ересектер жұқтырған. Бәрі қала тұрғындары болып шықты. Гепатиттің бұл түріне қарағанда қызылшамен ауыру фактілері көп. Өткен жылы мұндай 241 факті болса, биыл жыл басынан бері 245 жайт тіркелді. Оның 203-і – 14 жасқа толмаған балалар.

Қызылшаға шалдыққан балалардың басым бөлігі уақытында иммундалмаған. Елімізде 2005 жылдан бері Еуропалық иммундау апталығы өткізіліп келеді. Биыл сәуірдің 21-інен басталған науқан 27-сіне дейін жалғасады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында біздің облыста 500-ге жуық адам егуден бас тартқан. Түсіндіру жұмысының нәтижесінде оның 40-ы вакцина алыпты.

АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Вакциналау шараларының нәтижесінде жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық тұрақтылыққа қол жеткіздік деп айтуға болады. 2002 жылы Қазақстан полиомиелитсіз аумақ ретінде танылды. Соңғы жылдары қызамық 2 мың есе, паротит 211 есе, вирустық гепатит 101 есеге дейін азайған. Дифтерия 2009 жылдан бері, ал полиомиелит 1996 жылдан бері тіркелмеді.

Елімізде жыл сайын 5 млн адамға, оның ішінде 1 млн-нан астам балаға екпе егіледі. Жыл сайынғы шараға ел бойынша 30 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады екен.

 

Ақжүніс Мұқатай