Қоғам

Шаштараздардың игі ісі

Бүгін М.Жұмабаев көшесіндегі эвакуацияланған тұрғындар орналасқан жатақханада шаштараздар да игі іс жасады. Қолына қайшысы мен тарағын ұстаған жандар азаматтардың шашын тегін қиып берді.

Ақмарал Рүстемованың жатақханаға орналасқанына 4-ші күн. Нәзікжанды сәтті пайдаланып, шашын әсемдеп алды.

АҚМАРАЛ РҮСТЕМОВА, Заречный кентінің тұрғыны:

– Заречный кентіне су бірінші келді. 10-нан бастап 13-ші мектепте болдық. Одан кейін 2-ші мектепке көшірді. Енді осында келіп отырмыз. Шаштараздарға рахмет. Жағдайға бейжай қарамай, бізді елеп келіп, шашымызды қиып жатыр.

Игі істі ұйымдастырушы – жергілікті барбершоптардың бірінің жетекшісі Татьяна Клабукова. Ол әуелі осы ниеті жайлы әлеуметтік желіде хабарландыру жариялаған. Өзі сияқты тілектес мамандар бастамасын құптай кетіпті.

ТАТЬЯНА КЛАБУКОВА, барбершоп директоры:

– Жатақханаға 14 шаштараз болып келдік. Көбінің бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Тұрғындар ақырындап жиналуда. Осында 3-4 сағаттай боламыз. Қысылтаяң шақта біз де шетте қалғымыз келмеді. Тасқыннан зардап шеккен жандарға өз пайдамызды тигізгіміз келді. Бұл игі істі жалғастырамыз.

Мамандар бұдан кейін Пушкин көшесіндегі жатақханаға бармақшы. Мұнда да су басқан жерлерден көшірілген тұрғындар тұрады.

 

Мәдина Қаби