Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Прибрежное ауылындағы эвакуацияланған тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов топан судың астында қалған елді мекендерді тікұшақпен қарап өтті. Биіктен кейбір үйлердің шатыры ғана көрінсе, кейбіреуін тіпті түгел су басқан. Аймақ басшысы биылғы су тасқынының 2017 жылға қарағанда ауқымдылығына тоқталды.
Сол кезде Сергеев су қоймасы 5 млрд 450 млн текше метр су өткізсе, биыл 10 күннің ішінде көрсеткіш 4 млрд-тан асқан.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Есіл ауданында топан су басқан аумақтарда судың деңгейі әлсін-әлсін төмендеп келеді. Арнасынан асып кеткен өзеннің жайылмасында 300-ден астам темір-бетон тірегін жоғалтқанымызды Президентке түсіндіріп, айттым. Мұз бетон тіректерді құлатып өтеді.

Аймақ басшысы қаладағы су торабы мен Заречный кенті және Тепличное мен Прибрежное ауылдарындағы жағдаймен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов соңғы аталған елді мекеннен эвакуацияланған тұрғындармен кездесіп, Президент жүктеген міндеттер туралы айтты..

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кеше өңірімізге Қасым-Жомарт Кемелұлы келіп, Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Төтенше жағдайлар қызметкерлерімен, еріктілермен де жүздесті. Мемлекет басшысы әрқайсысымызға не істеу қажетті туралы тапсырмалар берді.

Бірінші кезектегі міндет – су деңгейі көтерілуі мүмкін елді мекендердің тұрғындарын көшіру. Эвакуациялық пункттерде тұратын адамдарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсету қажет.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Прибрежное ауылында 1800 адам тұрады. Оның 450-і эвакоқабылдау пунктіне орналастырылды. Мәслихат төрағасы мен ДП қызметкерлері қазір осы ауылда. Ал Долматово ауылынан бір түнде 1800-ден астам адамды эвакуацияладық. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Ең маңыздысы – адамдардың өмірін сақтап қалу.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар өздеріне тиесілі төлем жайында сұрады. Бұл мәселе – жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз төтенше жағдай жарияланған барлық ауданда комиссия құрдық. Бірақ, арнайы құрылған топ топан су кеткеннен кейін ғана үйлерге кіре алады. Мамандардың тиісті құрал-жабдықтары бар. Тұрғындардан үйлерінің суреті немесе видеосы болса, оны сақтауын сұраймыз.

Аймақ басшысы мұндай материалдарды комиссия мамандарына дәлел ретінде ұсынуға болатындығын айтты.

 

Гүлден Сембаева