Ауыл шаруашылығы

Қой өсіруді қолға алған еңбекқор жандар

Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір. Осы сөздің мағынасын терең түсінген М.Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылының тұрғыны Ерболат Сексенбаев асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Еңбекқор азаматтың бұл іске ден қойғанына 30 жылдан асыпты. Шопан ата төлін көбейту мақсатында былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 40-қа жуық еділбай мен гисар тұқымды қой алған.

ЕРБОЛАТ СЕКСЕНБАЕВ, Полудино ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Гисар тұқымы етті, нығыз болады. 4 айлық қошақай 20 кг ет береді. Жақсы өнім алу үшін жақсы күту қажет. Жаңа қоздаған қошақайлардың салмағы 5-8 кг болады. план630/ Қой ұстаған тиімді. Жылқы бір жылда бір рет құлындайды, ал қой бір жылда 2 рет қоздайды.

Ерболат Сексенбаев әуелі қойдың санын көбейтіп алып, кейін одан сапалы әрі мол өнім алмақшы. Алған табиғи таза дүниені дүкен сөрелеріне шығаруды да ойластырып жүр. “Мал өсіру оңай шаруа емес. Маңдай термен атқарылатын адал кәсіп”,- дейді іскер азамат. Жазда жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас – бұның барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Елді мекенде тағы бір жас отбасы мал шаруашылығын көбейтуді қолға алған. Александр Строев та мемлекеттік бағдарлама арқылы 30 гисар тұқымды қой алып отыр.

АЛЕКСАНДР СТРОЕВ, Полудино ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Бірінші рет қой ұстап жатырмын. Ауылда тұрғаннан кейін төрт түлік өсіруді алуды жөн көрдім. Желтоқсан айынан бастап айналысып жатырмын. Маған 7 жылға несие берілді. 2,1 млн теңге қаражаттың 1,5 млн-ы қойға кетті, 600 мыңы жемшөпке жұмсалды.

Өткен жылы Полудино округінен “Ауыл аманаты” бағдарламасына қатысу үшін 3 адам өтінім тастапты. Олардың екеуі 2 қой шаруашылығымен айналысамын десе, біреуі шағын бизнес көзін ашқысы келген.
Қазіргі таңда үшеуі де ойлаған кәсібін дөнгелетіп отыр. Ауылдық округ әкімі Мәдениет Қалиевтің айтуынша биыл аталған бағдарламаға өзгеріс енгелі жатыр екен.

МӘДЕНИЕТ ҚАЛИЕВ, Полудино ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Биыл бұл бағдарлама басқаша өтейін деп жатыр. Қай округтерде СПК бар, сол округтерде өтеді. Мысалы, біздің округте биыл болмайды. Негізінен, бүкіл округтер қатысуы керек деп олаймын. Әр округте бағдарламаға қатысатын адамдар шығады. 2,5 пайыздық несиені кім алғысы келмейді?

Полудинодан кейін Булаевоға ат басын бұрдық. Мына дүкен Оксана Лопареваныкі. Нысанды 4 жыл бұрын көшкелі жатқан тұрғындардан сатып алыпты. Іскер келіншек шағын дүкенді кеңейту үшін “Ауыл аманаты” бағдарламасына жүгінген екен. Барлығы – 8 млн 600 мың теңге алыпты.

ОКСАНА ЛОПАРЕВА, Булаево қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Дүкенді кеңейткеннен кейін ондағы тауарды да молайттық, түрлендірдік. Мұнда азық-түлік, киім-кешек, неше түрлі құрал-жабдықтар да бар. Жұмыс орны молайды. Барлығы – 4 адам еңбек етіп жатыр. Клиент саны 2 есеге өсті. Бұның барлығы мемлекеттік бағдарламаның арқасында жүзеге асып отыр.

СҰЛУШАШ ЖАҚЫПОВА, М.Жұмабаев аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы:

– 2023 жылы “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша 20 адамға 143 млн теңгенің несиесі берілді. Олар қарызды 2,5 пайызбен 5-7 жылға алды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сұлушаш Жақыпованың айтуынша жергілікті тұрғындар осы жобаны мал және құс шаруашылығын қолға алуда, шағын кәсіп ашуда пайдаланады екен. Тұрғындар тарапынан бағдарлама игілігіне деген сұраныс пен сенім мол.

 

Гүлден Сембаева