ТЖ

Есіл ауданында 5 ауылды су басу қаупі бар

Өзен деңгейінің көтерілуіне байланысты Есіл ауданында 5 елді мекенді су басуы мүмкін. Петровка, Покровка, Бірлік пен Николаевканы ішінара су басса, Жарғайыңды қызыл су алуы түгелімен алуы ықтимал.

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Жарғайың ауылының маңын су қоршап, туыстарының үйлеріне жіберілді, ал кейбіреулері эвакоқабылдау пунктіне орналастырылды. Елді мекенде бірде-бір жан жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, тіпті ауылға апаратын жолды да су басқан.

Жарғайыңда 40-тан астам адам тұрады. Эвакуациялық пункт Жарғайыңнан
7 км жердегі Өрнек ауылында орналасқан. Мұнда қазір 11 ересек адам мен 2 бала бар. Қалғандары – туыстарында. Гүлнәр Исмағұлова Жарғайыңда 40 жыл бойы тұрады. Нәзікжандының айтуынша бүгінгідей жайт екінші рет қайталанып отыр.

ГҮЛНӘР ИСМАГУЛОВА, Жарғайың ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Күйеуім, баламмен келіп отырмыз. Малымыз, шөбіміз – бәрі уақытылы көшірілді. Таңертең сиыр саудық, бұзауларымызға тамақ бердік. Ең бірінші Президентімізге рахмет! Сол кісінің арқасында жасалып жатқан іс-шара ғой. Аудан және ауыл әкімдері де күн-түн демей көмектесіп жатыр. Қауіпсіз жерге әкелгендеріне рахмет.

Эвакоқабылдау пункті орналасқан мектеп жылы әрі жарық. Білім ұясы 9 жылдық.
Тұрғындар осындағы бос кабинеттерге жайғастырылды. Әр бөлмеде 7 орыннан. Барлығы – 40-қа жуық орын әзірленіпті. Ыстық тамақ беріледі. Өрнек ауылының тұрғындары да қабылдаған жандарға барынша қолдау көрсетіп, ұйымдасқан түрде көмектерін көрсетіп жатыр.

ҒАБИТ ЕСҚАҚОВ, Е.Зікібаев атындағы Өрнек негізгі мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– 3 мезгіл тамақ беріледі. Ораза айы болғаннан кейін аузы берік азаматтарға ауызашары мен сәресін ұйымдастырамыз. Тамақ жағынан өзіміздің қызметкерлерімізден кезекшілік ұйымдастырылған. Келген кісілер жағынан бізге ешқандай реніш, шағымдары жоқ. Бәрі риза. Оқу процесін тоқтатқан жоқпыз. Балалар сабақ оқиды.

Табиғи апаттан зардап шеккен төрт түлік те қараусыз қалып жатқан жоқ. Жарғайыңнан 700-ге жуық мал құтқарылды. Олар да Өрнекте. Тұрғындарға уақытша бөлініп берілген.
Жануарларды жемшөппен қамтуға кәсіпкерлер көмектесіп жатыр. Іскер азаматтар 10 тонна азық жеткізіп берген.

– Бір үйге 10 қаптан беріп отыр. Бәрі жақсы қарсы алды. Жемшөбіміз бар. Өзімде 3 бас сиыр, 3 бас торпағым бар. Қойлар да осында. Соларға апарып беріп жатырмыз.
– Өрнек ауылының тұрғындарына рахмет! Өзімде 1-2 сиыр бар. Көп ұстамаймын.

Тұрғындарды эвакуациялауға 13 арнайы техника 40-тан астам маман тартылыпты.
Судың жылжуы – бақылауда. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Мұстафиннің сөзінше су азаймайынша адамдар елді мекендеріне кіре алмайды. Қауіп әзірге сейілмей тұр.

ЕРЖАН МҰСТАФИН, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

– Су жайылымы өте көп. Тұрғындарды эвакуациялау дұрыс шешім болды. Себебі, адамдар мен жануарларды шығарғаннан кейін мына жол 2 сағаттан кейін жабылды. Су 2-3 сағатта көтерілді. 3 ауылда свет өшіп қалды. Содан кейін мамандарды әкелдік, қазір жарық бар.

Есіл ауданында барлығы – 16 ауылдық округ бар. Олардың әрқайсысында эвакоқабылдау пункті құрылған. Қосын мектептерге орналастырылған. Сондай-ақ,
әр елді мекенде 4-5 техника сақадай сай тұр. Бірлік бар жерде тірлік бар. Аудан әкімі Мереке Мұхамедияров көмек пен қолдау дер кезінде ұйымдастырылды дейді.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Облыс басшылығына уақытылы жанар-жағармайды сатып алуға, техниканы жалға алуға уақытылы қаржы бөлгені үшін алғысымды білдіремін. Тұрғындарға пайда болған төтенше жағдайларға түсіністікпен қарағаны үшін алғас айтамын. Су тасқынының деңгейі әрқашан бақылауда. Жанар-жағармайды және техника сатып алуға 18 млн теңге бөлінді.

Үлкен Торанғұл көлінің көтерілуіне байланысты Корнеевканы да су басу қаупі бар. Елді мекен қазір мамандардың жіті бақылауында. Су жылжыған жағдайда шет жақ көшелердің тұрғындары эвакуацияланады. Жалпы, аудандағы елді мекендерден қыстан бері 66 мың текше метр қар шығарылған. Су тасқынынан қорған болар 3 мыңнан аса қап дайындалған. Бүгінгі дейін 13 мың текше метр еріген қар суы сорылып алынды.

 

Гүлден Сембаева