Аптадағы маңызды жаңалықтар

Роман Скляр қала маңындағы бөгеттердің жай-күйін бағалады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сергеев қоймасының ернеуінен асқан судың биіктігі сағат сайын көтеріліп жатыр. Бәріміздің жадымызда жақсы сақталған 2017 жылдағы рекорд бұзылды. Жалғыз осы фактіні алға тартсақ, жағдайдың мәз емес екендігін ұғынамыз. Статистикаға сүйенсек, алдағы 1 жұманың төңірегінде үлкен көлемдегі су Петропавлға жетеді. Осыған орай облыс орталығының маңында алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар күн-түн демей еңбек етуде.

Тепличное ауылының іргесінде әрлі-берлі қозғалған техниканың гүрілі алысқа естіледі. Мұнда жалпы ұзындығы 1173 метрді құрайтың бөгет тұрғызылып жатыр. Маңызды іспен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр түнге таман арнайы келіп танысты.

Жоспар бойынша шаһардың оңтүстік-батысында орналасқан бөгет бейсенбі күні толық дайын болады.

РОМАН СКЛЯР, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

– Қазір өз іштеріңізде тексеріс жүргізіңіздер. Көліктік бақылау бойынша деректерді көтеру керек. Ауыр жүк көліктері кімде бар? Соларды тізім бойынша осы іске тартқан жөн. Егер қажеттілік туындаса, өзге өңірлерден көмек сұраймыз.

Адамдардың және техниканың саны артады. Мәселені аймақ басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жеке бақылауына алды. Негізгі міндеттердің бірі – адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру.

Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы жағынан да қауіп төніп тұр. Осыған байланысты бөгет нығайтылуда. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мұнда да болды.

РОМАН СКЛЯР, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

– Бізде аз-маз уақыт бар. Техника тоқсаусыз жұмыс істеуі тиіс. Мобильді топтар жайлы да ұмытпау керек. Егер ауданның бір тұсынан су кірсе, ұжымдасқан адамдар дереу сол араға құм салынған қаптар жеткізуі қажет. Осы мәселені пысықтаңыздар.

Қазір Ойқала ықшам ауданында да бөгет тұрғызылып жатыр. Техника мен адамдар Ущев көшесінің бойында топтасқан.

Ерке Есіл арнасынан асса, Зеречный кентіне су кіреді. Мұнда бөгет бар. Биылғы жағдайды ескеріп, оны нығайту және көтеру жайлы шешім қабылданыпты. Туындап тұрған мәселе жоқ емес. Техника аздық етеді.

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Зеречный кентіне қосымша техника бағыттауды тапсырды. Роман Скляр тілдесу барысында бөгеттердегі жұмыс ұдайы тексеріліп отыратындығы жайлы айтты.

 

Байболат Құлтанов