СҚО әкімдігі

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шал ақын ауданына барды

Ең бірінші болып өңір басшысы Жаңажол ауылына барды. Бұл елді мекенге ақпанның 4-і күні алқаптарда жиналған ағын су келе бастаған. Құтқарушылар мен тұрғындардың бірлескен жұмысы нәтижесінде үйлерді су басу қаупі жойылды. Ауыл тұрғыны Арман Қазбектің айтуы бойынша қарғын су оның ауласына кенеттен келген, бірақ қорада тұрған төрт түлік малдың барлығы аман.

ҚАЗБЕК АРМАН, ауыл тұрғыны:

– Судың осылай тұрғанына 3 күн болды. Су басында ақырын-ақырын кіріп, кейін көп жерді су алып кетті. Әйтеуір үйге кірген жоқ, бірақ қораға кіріп кетті. Басылады деп ойлаймыз. Малды далаға шығарып қойдық. Бірінші рет осындай су келіп тұр. Алдыңғы жылы алдын алғанбыз. Биыл өзі қар көп жауды ғой. Сондықтан, қауіпті болды.

Ғауез Нұрмұхамбетов ауылды су басу қаупінен құтқарған қызметкерлермен жүздесіп, елді мекендегі жалпы ахуалмен танысты. Айта кетейік, Жаңажол елді мекенінде Түркістан облысынан келген арнайы құтқару жасағы да жұмыс істеді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Байқаңыздар. Ең бастысы, сіздердің амандықтарыңыз керек. Су енді кіріп бастады ғой. Байқап жұмыс істеңіздер.

Осыдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Сергеев су қоймасының жағдайымен танысты.

– 5 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта айналма жолдардан еріген қар суы Ақанбарақ ауылына келді. Ал Городецкое ауылын біз толықтай топырақпен қоршадық. Соның арақасында су Есіл өзеніне қарай ағып кетті. Новопокровка ауылында кіші Тораңғұл бар. Оның жағасын бекітттік. Жалпы, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдарға барлық шешімдерді жедел қабылдап, үйлерді су басып кетпеу керек екенін жеткізді. Бірақ, егер жағдай ушығатын болса, адамдарды эвакуциялауды тапсырды.

 

“Қызылжар” телеарнасы