СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Қызылжар ауданының су тасқынына дайындығын тексерді

Су тасқынының шарықтау шегі әлі алда. Өңірдегі өзендердің су деңгейі күннен-күнге көтеріліп келеді. Қазіргі уақытта бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы Петропавлдағы Ущев көшесінде орналасқан бөгеттің су тасқынына дайындығын тексерді. Бұл бөгет барлық Ойқала ықшам ауданын ағын судан қорғайды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бөгетті толық тексеріп шықтыңыздар ма? Байқаңыздар, бұған баса назар аудару керек. Егер жаяу өте алмасаңыздар, трактормен аралап көріңіздер.

Бұдан кейін Ғауез Торсанұлы Былғары зауыты ықшам ауданындағы дамбаны көрді. Бұл бөгетті салу үшін республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда нысан су тасқынына толықтай дайын.

Ғауез Нұрмұхамбетов Заречный кентін тасқын судан қорғайтын бөгетке барды. Қазіргі таңда бұл жерде әскерилер бөгетті нығайту үшін құм салынған қапшықтарды даярлап жатыр. Бұған ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің 60 сарбазы мен 10-нан астам техника жұмылдырылған.

Заречный кентінде барлығы 224 аула бар. Онда 900-ден астам адам тұрады. Егер де жайылған су төңіректегі үйлер мен саяжайларды басатын болса, ондағы тұрғындар №13 орта мектептегі эвакуциялық пунктке орналастырылады. Ол 40 адамға шақталған. Өңір басшысы бұл орталықтың дайындығымен де танысты.

ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, қала әкімінің орынбасары:

– 2017 жылы бұл эвакуциялық орталыққа 37 адам келді. Олардың 30-ы – зейнеткер. Қазіргі таңда бұл пункт 40 адамды қабылдай алады. Егер де бұл жеткіліксіз болса, колледжбен келісім бар, яғни тағы да 40 адамды сол жерде орналастыра аламыз.

Бұдан соң өңір жетекшісі Қызылжар ауданының Тепличное елді мекеніне барды. Бұл ауылда тасқын судан қорғайтын бөгетті арнайы бригада күшейтіп, нығайту үстінде. Дамбаның биіктігі – 6 метр.

Кейін облыс басшысы Қызылжар ауданының Прибрежное ауылындағы бөгетті де тексерді. Мұнда 100-ге жуық курсант дамбаны күшейту үшін құм салынған қапшықтарды даярлауда. Ғауез Торсанұлы жұмыс барысымен танысып жауапты мамандарға су тасқынына қазірден бастап дайын болу керек екенін ескертті.

Айта кетейік, Прибрежное ауылында қазір 500-ге жуық үй мен 1800-ге жуық тұрғын бар.

 

“Қызылжар” телеарнасы