Балалар

Балаларды еңбекке баулу жайы қаузалды

Неліктен еңбек пәні мектеп бағдарламасынан алынып, сурет сабағымен біріктірілді? Балаларды телефоннан қалай арылтамыз? Осы және өзге де мәселелер облыстық мәслихат қабырғасында көтерілді. Жиында Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 орта мектебінің оқушысы Кирилл Прасолов шақырылыпты. Қатарының алды болып жүрген жас бірқатар ұсыныс білдірді.

КИРИЛЛ ПРАСОЛОВ, Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 орта мектебінің оқушысы:

– Қазір балаларды ынталандырып, еңбек процесіне тарту керек деп есептеймін. Олар сол жұмысты мәжбүрлі түрде емес, өз қалаулары бойынша істеуі тиіс. Біздің мектепте оқу озаттары жыл соңында ақшалай сыйақы алады. Бұл оқуға деген құлшынысты арттырады. Міне, осы сынды әдістерді еңбекке баулу ісінде де қолдану керек.

«Ең басты құндылық – тәрбие, содан кейін білім» дегендей бүгінгі таңда ата-аналарға зор сенім артылады. Олар жұмыстың соңында жүріп ұл-қыздарына көңіл бөле бермейді. Салдарынан еңбекке қабілетсіз жас өседі. Бұл қоғамда маман тапшылығы мәселесін тудырады деді жиынға қатысушылар.

ПЕТР ШАРАПАЕВ, “Радуга” ЖШС директоры:

– Соңғы 10 жылда қызметкерлердің өнімділігі мен жұмысқа тартылуының күрт төмендеуі байқалды. 15 пайызға төмендеп кетті десем артық айтқандық емес. Бескөл мектеп-колледжімен ынтымақтастық орнатқанымызға 3 жыл болды. Сол білім ұясында өзіміздің болашақ мамандар дайындалады.

Жиында қозғалған мәселелер алдағы уақытта тағы да қаралмақ.

 

Гүлден Сембаева