Қоғам

Сәуір айында жауын-шашын жиі болады

Теріскейге тасқын таяған сайын «Күн күрт жылынбай ма?» деген сауал жер-жерде қойыла бастады. Бұл сұрақты жеті рет өлшеп, бір рет кесер синоптиктерге қойдық. Мамандардың сөзінше, алғашқы онкүндікте ауа райы айтарлықтай өзгермейді. Тек өңірдің онтүстік бөлігінде ғана сынап бағанасы 10-15 градусқа дейін көтеріледі.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы 0-5 градус аязға дейін, күндіз 11-16 градус жыладан 2-7 градус жылыға дейін төмендеуі болжанады. Кейін ауа температурасы түнде 3-8 градус жылыға, ал күндіз 12-17 градус жылыға дейін көтеріледі деп күтіледі.

«Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, температура үшінші онкүндікте тағы көтеріледі. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, сынап бағанасы 20 градустан асып жығылады.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 0-5 градус аяздан 6-11 градус жылыға дейін, күндіз 6-11 градус жылыдан 16-21 градус жылыға дейін біртіндеп жоғарылауы болжанады.

Назар аударарлық жайт, сәуір айында жауын-шашын жиі болады. Кей жерлерде жаңбыр нормадан көп түспек. Өкінішке қарай, бұл тасқын қаупін арттыруы мүмкін.

 

Мәдина Қаби