Қоғам

Халық игілігіне жаңа автобустар берілді

Енді Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылының тұрғындары қалаға су жаңа автобуспен қатынайды. Аталмыш ауылда 1800-ден астам адам тұрады. Облыс орталығына бірі жұмыс істеуге, енді бірі сабақ оқуға күнделікті келіп отырады. Бұған дейін елді мекенде тозығы жеткен қоғамдық көліктерді ауыстыру мәселесі жиі көтерілген көрінеді. Оның себебі де бар.

– Бұрын автобус сынып қалған кездер де болған. Іші де суық болатын. Әсіресе қыстыгүні қатты тоңатынбыз. Сондықтан, жаңартқаны өте дұрыс болды. Қуаныштымын.
– Көлік өте ыңғайлы. Желдеткіш те бар екен. Іші жарық әрі таза. Өте қуаныштымыз. Бұған дейінгі автобустар мұндай болған жоқ еді. Біздің ауылда күнде таңертең жұмыстарымен қалаға баратындар көп.

Жаңаның аты жаңа. Көліктің іші кең, жылы әрі таза. Мүгедек жандарға арналған арнайы орындар да бар.

ОРАЛБЕК АДЕСХАН, ауыл тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ауылға жаңа автобус әкеліп қуанып жатырмыз. Бұрынғысы ескі болатын. Қазір жап-жаңа, әдемі. Өзім студентпін. Қалаға дүйсенбі мен жұма аралығында автобуспен қатынаймын.

Айта кетейік, 14-ші бағыттағы автобусты жаңартуға 185 млн теңгенің көлемінде қаражат жұмсалған.

ГАЛИНА СЕМЁНОВА, “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрағасы:

– Өнеркәсіп қорының қолдауымен “Семёнова” ЖК лизингке “ПАЗ Вектор NEXT” маркалы 5 жаңа автобус сатып алды. Автобустар кең, кондиционер және мүгедектерді тасымалдауға арналған жабдықтар бар. 14-ші бағыттағы көліктердің 80 пайызы жаңартылды. Алдағы уақытта қалған жылжымалы құрамды жаңарту қарастырылып жатыр.

Бір автобустың сыйымдылығы 52 жолаушыға арналған.

 

Ақжүніс Мұқатай