БалаларСпорт

Аутизмге шалдыққан балалардың арасында спартакиада өтті

Бүгін – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Аталмыш датаға орай қаладағы “Асыл мирас” аутизм орталығы “Разные – равные” атты балаларға арналған спартакиада ұйымдастырды. 6 қатысушыдан тұратын 3 топ өзара бақ сынаспақ. Оларға ата-аналары да көмектеседі.

Өмірге құштар балалардың талпынысы ерекше. Ойын барысында барларын салып-ақ жатыр. Көздері мейірімге толы ұл-қыздар арқанмен секіріп, доп ойнап, әр түрлі жаттығулар жасады. Сайысқа “Чемпиондар” командасының мүшесі Расул Әлішев те белсене қатысты.

РАСУЛ ӘЛІШЕВ, спартакиадаға қатысушы:

– Біз жаңа доппен жүгіріп, арқанмен секіріп және арқан тартысып жарыстық. Біздің команда жеңіске жетті. Мықты болу үшін спортпен айналысу керек. Күнделікті жаттығу жасап, жүгірген адам ағзасына пайдалы.

Ал Ирина Симонова сайысқа қызы Оляны қолдау үшін келіп отыр. Нәзікжанды 7 жылдан бері ерекше бала тәрбиелеп келеді. Олар “Асыл мирас” аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсету орталығында оқиды. Ирина Симонова бауыр еті баласының дертке шалдыққанын 3 жасында білген. Содан бері ана мен бала үздіксіз ем алып, түрлі дәрістерге қатысады.

ИРИНА СИМОНОВА:

– Мен спартакидаға қызыммен келіп отырмын. Жасы 6-да. Балама жарыс ұнады. Жаңа ғана алғашқы кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, аяқтады. Өзі қуанышты. Қатысушылардың жастары әр түрлі болса да достасып жүр. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор деп ойлаймын. Есесіне балалар уақытты көңілді өткізіп, шыныға алады.

Жалпы, былтыр “Асыл мирас” орталығында 3400 бала оқытудан өткен. Соңғы 10 жылдың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен 16 мыңнан астам отбасы аталмыш ұйымнан тегін қызмет алғанын да қоса кетейік. Қазіргі таңда оған теріскейлік 300 бала барады.

НАЗГҮЛ ТОРТУЛОВА, “Асыл Мирас” аутизм орталығының жетекшісі:

– Әрине, біздің балалардың ең алғашқы қиыншылықтары – басқа балалармен қарым-қатынас орнату. Қоғамға ену оларға қиын. Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларлы қоғамға мүмкіндігінше әлеуметтендіру, өз-өздеріне сендіру.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, шамамен 100 баланың біреуінде осы дерт түрі байқалады екен. Оның дауасы – ерте кезде анықтап, маманмен жұмыс істеу. Сондай-ақ, еліміздің 12 қаласында “Асыл Мирас” орталығының филиалы орналасқан.

 

Ақжүніс Мұқатай