БілімБалалар

2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні

Бүгін – Халықаралық балалар кітабы күні. Осыған орай Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Туған күніңмен, кітап!” атты іс-шара ұйымдастырылды. Жиында кітапхананың тұрақты кішкентай оқырмандары марапатталды. Кітапқа құмар балалардың бірі – Әлихан Төлеген. Ол кітап ордасына үзбей келіп тұрады. Келген сайын үйде оқуға бірнеше данасын алып кетеді екен.

ӘЛИХАН ТӨЛЕГЕН, кітапхана оқырманы:

– Бір жылда көптеген кітап оқыдым. Энциклопедия, мәтін, ертегі оқығанды ұнатамын. Бұл кітапханаға жиі келемін. Өйткені, мұнда кітаптар көп және қызықты. Мен кітап оқуды 8 жасымнан бастадым. Сол уақыттан бері біраз кітап оқып тастадым.

Ағасы бауырына үлгі болып жүр. Әлихан кітапханаға жалғыз өзі келмейді, міндетті түрде қарындасып ертіп әкеледі. 6 жасар Қаламқас Төлеген ертегі оқығанды ұнатады.

ҚАЛАМҚАС ТӨЛЕГЕН, кітапхана оқырманы:

– Мен осы «Түлкі мен қасқырды» алып оқыдым.

Күніне мұнда 10-ға жуық бала келеді. Бұл аз ба, көп пе, таразылай беріңіз. Кітапханада қорында 200 мыңнан астам кітап бар екен. Таңдау мол. Кітапханашы Гүлжауһар Жақаннның айтуынша “Қазіргі жастар кітап оқымайды” деген жаңсақ пікір дейді.
Ол балалардың кітап оқуға деген ынтасының зор екенін байқаған.

ГҮЛЖАУҺАР ЖАҚАН, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:

– Іс-шараның мақсаты – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жаңа кітаптармен таныстыру. Әр түрлі жанрдағы кітаптар шығарылып жатыр. Бірақ, барлығы да балаға байланысты. Заманауи, классикалық, энциклопедиялық кітаптарды балалар алып жатады. Көбінесе қазіргі балалар заманауи кітаптарды оқиды. Олар сиқыр, роботтар туралы.

Кітапхана қоры үнемі жаңа дүниелермен толығып тұрады. Келем деген оқырманға есік ашық дейді мамандар.

 

Мәдина Қаби