Қоғам

Петропавлда 12 үйге су кірді

Бұл – қаладағы Москва көшесіндегі 191-ші үй. Баспана тұрғындары 2 күн бойы ішке кірген сумен арпалысып жатыр. Қардың еруі құтқарушыларды да, коммуналдық қызметтерді де әлекке салды. Мамандар таңсәріден жұмыстарына кірісіп кеткен.

КҮЛПАШ ТӨЛЕБАЕВА, үй иесі:

– Қаланың қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бүгін таңғы 5-те келіп, үйге кіріп кеткен сумен арпалысып жатыр. Өте сапалы және жедел көмек көрсеткендеріне алғысымызды білдіреміз.

Қалада қалың қардың күрт еруінен пайда болған қызыл су Күлпаш Төлебаеваның ғана емес, тағы бірнеше жер үйге кірген. Тобықтан келетін су туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жарыса жазып, әкімдіктен көмек сұрауда.

Мына бейнежазбаны Перминов көшесінің тұрғыны жіберген. Айтуынша, үйді су 2 сағаттың ішінде түгел жайлаған. Тұрғындар резеңке етік киіп алған. Өткен тәулікте тереңдігі 5 см-ге дейін жететін қарғын су облыс орталығында 12 үйге кірген. Суды сорып алуға 10 техника мен 40 маман тартылды. Қалалық ikomek орталығы тынымсыз жұмыс істеп тұр. Бір тәулік ішінде бұнда 120-ға тарта хабарлама келіп түскен. Оның 10-нан астамы су кіруге байланысты. Петропавлда қарғын сумен күреске 100-ден астам адам мен 60 арнайы техника және 40 мотопомпа тартылған. Қалада 1 мың текше метрден астам, ал облыс бойынша 22 мың текше метрге жуық су сорылып алынған. Жалпы, биыл жауған қар да, есесіне сыртқа шығарылған қар да көп. Қыстан бері өңірде 2 млн текше метрге жуық ақ ұлпа сыртқа төгілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 есеге көп.

 

Гүлден Сембаева