Ауыл шаруашылығы

Көктемгі дала жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізу жайы пысықталды

Солтүстікқазақстандық диқандар маңызды кезеңге жақындап келеді. Алда сала өкілдері бел жазбай тер төгетін егіс жұмыстары тұр. “Көктемнің бір күні – жылға азық” екенін ескерсек, қазір әр іске баса назар аудару керек. Осыған орай Петропавлда семинар-кеңес өтті. Алқалы жиын шымылдығын аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, деректермен бөлісті. Биыл аққайыңдар өлкесінде тұқым себілетін жердің көлемі артпақ.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл облыста егістік жердің көлемі 28 мың гектарға артып, 4,9 миллион гектарды құрайтын болады. Топырақ сапасына тоқталсақ, өлкемізде орташа бонитет балы 46,5 құрайды. Өткен жыл сала қызметкерлерінің есінде қиындығымен қалды. Бірақ, қиындықтарға қарамастан, жұмысшыларымыздың кәсіби шеберлігінің арқасында лайықты өнім жинадық.

Игі дәстүрден жаңылмау керек. Еңбекке құштар жандар әрдайым қолдауға ие болады. Мұны мінберге шығып, сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. Ведомство басшысының сөзінше, былтырғыдай күрделі кезеңде мемлекет диқандарды көмексіз қалдырмайды. Жағдайдан Президенттің өзі хабардар. Былтырғы шаралар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Несие 150 млрд теңгеден асады. Соны 1 жылға созып берді. 60 млрд теңге субсидия төленді. Бидайды тура сатып алуға 31 млрд теңге бөлінді. 2024 – берекелі, мерекелі жыл болсын! Еңбектің жемісін көріңіздер!

Еліміздің ауыл шаруашылығы секторында назар аударуды қажет ететін тұстар баршылық. Солардың негізгілеріне Айдарбек Сапаров тоқталып өтті. Бұлар міндетті түрде ескерілуі қажет. Сонда Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі саласында алға жылжу болары айдан анық.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Қолданылатын агротехнологиялардың мүмкіндігі жеткіліксіз, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны сылбыр, минералды тыңайтқыштарды пайдаланатын шаруашылықтар аз. Бүгінде қажеттіліктің 679 мың тоннасы ғана пайдаға жаратылады. Бұл – небәрі 21 пайыз. Ұсынылған ауыспалы егіс сақталмайды, себілген тұқымның сапасы төмен. Сонымен қатар, тұқымға деген жоғары импорттық тәуелділік бар. Бізге осы бағыттарға назар аудару керек.

Соңғы мәселемен Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы білек сыбына айналысып жатыр. Кеуде қағып, мақтанарлықтай өнімдері де бар. Былтыр ғалымдар жылдар бойы әзірлеген жаңа бидай сортын шығарыпты. Алқалы жиында сол жайлы айтылды.

ТИМУР САВИН, “А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” ЖШС басқарма төрағасы, Ақмола облысы:

– “Таймас” атты жаңа сұрып шығардық. Бидай өзінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Басты қасиеті – құрғақшылыққа аса төзімді. Өнімді Қарағанды, Ақмола және Қостанай облысының диқандары сынап көрді. Барлығының көңілінен шықты. Биыл “Таймасты” сұратқан кәсіпкерлерде есеп жоқ. Алайда, тұқым қоры таусылды. Биыл молынан әзірлеуді көздеп отырмыз.

Көктемгі дала жұмыстарын ұйымдасқан түрде өткізу жайы пысықталған семинар-кеңесте көрме де қанат жайды. Онда саладағы компаниялар жиналғандарға өз мүмкіндіктері мен өнімдерін таныстырды.

 

Байболат Құлтанов