Мәдениет

“Домбыра-Дастан” республикалық күй тартысы өтті

Домбыра – Дастан. Бүгін оқушылар сарайының қабырғасында дәстүрлі байқауға айналған IV республикалық күй тартысы өтті. Сайыстың негізін қалаушы әрі білім салысының үздігі Серікбай Здуалиевті еске алуға арналған өнер додасына елдің түкпір-түкпірінен 25 ұл-қыз келіп отыр. Шығармашылық байқаудың шымылдығы жергілікті өнерпаздардың би қойылымымен ашылды.

Байқаудың шартына тоқталайық. Жастар жұп-жұпқа бөлініп жарысады. Оларға 5 туынды беріледі. Бірі бастаған күйді екіншісі ілестіріп алып кетуі тиіс. Қатысушылар – өнер мектебінің оқушылары мен колледж студенттері.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Бүгін облыстық әкімдіктің білім басқармасы, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы облыстық орталығы және Ақжар ауданы әкімдігі “Серпер” өнер мектебінің ұйымдастыруымен “Домбыра – Дастан” атты республикалық сайыс өтіп жатыр. Әділ қазылар алқасының басты шарттары: күйдің таза орындалуы, жаңылмай ары қарай алып кетуі және әртістік өнер. Әдемі өнер көрсеткендері үшін бағаланатын болады.

Сайыс басталды. Ортада – маңғыстаулық Бақберді Таңатаров пен ақжарлық Әйткен Шахмұрат. Тартысты қонақ қатысушы бастады. Екеуінің де қара домбыраның құлағында оңай-ақ ойнайтыны көрініп тұр. Бір іркілген жоқ.

БАҚБЕРДІ ТАҢАТАРОВ, байқауға қатысушы, Маңғыстау облысы:

– Жасым 13-те. Петропавл қаласына алғаш рет келіп тұрмын. Жарыстарға өте көп қатысамын. Көбіне бас жүлдені иеленемін. Мені домбыра үйірмесіне анам жіберген. Ал үйреткен мұғалімім консерваторияны аяқтаған. Өзім де сол кісінің жолын қуғым келеді.

Тартысты сайысты бағалаушылардың қатарында сонау Алматы қаласындағы білім ордасының оқытушысы бар. Арнайы келіп отырған қонақ атаулы байқаудың маңыздылығына тоқталды.

ЕРЖАН ЖӘМЕҢКЕЕВ, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы “Халық музыкасы” факультетінің аға оқытушысы, Алматы қаласы:

– Бұл өнердегі бәсекелестік баланың сахнадағы потенциалын арттырады әрі өнерін дамытады. Кей балалар өз деңгейін білмей жатады. Осындай сайыстарда, жекпе-жекте шама-шарқын айшықтап ала алады. Сондықтан, осындай сайысқа шығу баланың өзіне де, ұстазына да пайдалы. Айтыстың қандай түрлері бар, күй тартыстың да сондай түрлері бар.

Сайыс жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы марапат қағаздары және ақшалай сыйлықтар табыс етілмек.

 

Ақжүніс Мұқатай