Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет басшысы «Қызылжар Сүт» ЖШС-да болды

Өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өндіріс орындарын аралады. Ат ізін салған кәсіпорынның бірі – Чапаево ауылында орналасқан «Қызылжар Сүт» серіктестігі. Мұндағы “ақылды тауарлы-сүт фермасы” толық қуатқа шыққан. Мамандар қазір тәулігіне 17 тонна ақ өндіреді.

ОЛЖАС БЕКТАСОВ, «Қызылжар Сүт» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Қазіргі таңда біздің фермада 1500 жуық ірі қара мал бар. Оның 700 басы сауылады. Өндіріс орнының құрылысын 2018 жылы бастадық. 2020 жылы сырттан малдың алғашқы партиясы жеткізілді. Құнажындарды Германия, Австрия сынды елдерден әкелдік. Серіктестікте цифрлы технология оң жолға қойылған. Арнайы бағдарламаларымыз бар.

Ондаған адамды жұмыспен қамтыған заманауи фермада өткен жылдың қорытындысы бойынша 6 мың тоннадан астам сүт өндіріліпті. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешумен мықтап айналысу қажет. Тілдесу барысында Олжас Бектенов осыны баса айтып, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында АӨК өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, терең өңдеуді дамыту қажеттігін тілге тиек еткенін еске салды. Сапар барысында Премьер-Министрге көктемгі егіс жұмыстары, атап айтқанда, пайдасы жоғары майлы және жем-шөп алқаптарын ұлғайтуға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерін әртараптандыру туралы баяндалды.

 

Байболат Құлтанов