Өнеркәсіп

Үкімет басшысы бірқатар кәсіпорынды аралады

Өңірге іс-сапармен келген премьер-министр Олжас Бектенов Петропавлдағы «Солтүстік фанер комбинатына» барды. Бұл кәсіпорын жылына 30 мың текше метрден астам өнім өндіруге қауқарлы. Былтыр зауытта ламинатталған фанера 4 млрд теңгеден астам қаражатқа өндірілген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 32 пайызға көп.

АЙВАЗ БӘКІРОВ, «СОЛТҮСТІК ФАНЕР КОМБИНАТЫ» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

– Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді. Зауытта 250 жұмысшы қызмет етеді. Орташа еңбекақысы 250 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта ламинатталған бөлшектер тақтасын (ЛДСП) шығаруды да жоспарлап отырмыз. Қазір жаңа зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті материалдар Қытай, Турция мен Жапониядан әкелінетін болады.

Жаңа зауыттқа құйылатын жалпы инвестиция құны – 8 млрд теңге. Кәсіпорынның құрылысы жаңа 300 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кейіннен үкімет басшысы облыс орталығындағы «AVAGRО» ЖШС кәсіпорнында ауыл шаруашылығы техникасын шығару процесімен танысты, бұл әсіресе көктемгі егіс жұмыстарының басталуы қарсаңында өзекті. Кәсіпорында тіркемелер, өздігінен жүретін бүріккіш техника, сыйымдылықтар, тасымалдау блоктары және т.б. өнімдердің кең желісін өндіру жолға қойылған. Саладағы өндіріс көлемі 5 жыл ішінде заттай мәнде 304%-ға, 2019 жылы 4,2 мыңнан 2023 жылы 17,2 мың бірлікке дейін өсті. Бұл ретте жергілікті қамту үлесі 70%-ға дейін жеткізілді. Былтыр ферма 250 шақты тіркемелі және өздігінен жүретін су сепкіш техникасын шығарып сатқан.

НИКОЛАЙ ЕРОХИН, «AVAGRO» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

– Біз заманауи тасымалдаушы кешен де шығара бастадық. Бұл – қазір өте бәсекеге қабілетті техникалардың бірі. Бұл кешенді камазға орнатуға да болады және тіркеме ретінде де пайдалана алады. Бізде қазір 150 шақты жұмысшы бар. Орташа еңбекақылары – 200-250 мың теңге.

«Авагро» фермасының ауыл шаруашылық техникасы көбіне СҚО мен Қостанай, Ақмола облыстарында сұранысқа ие. Кәсіпорын өнімдерін көріп шыққан Премьер-Министр салалық министрліктерге аталған жұмыстарды жеделдетуді, яғни техниканы жаңартуды қажет ететін шаруашылықтарды отандық өндірушімен байланыстыруды тапсырды. Премьер-министрдің келесі нысаны сүтті қайта өңдеу саласындағы отандық жетекші кәсіпорындардың бірі – «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС болды. Кәсіпорын 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді.
Өткен жылы мұнда 104,8 мың тонна дайын сүт өнімі немесе еліміздегі жалпы көлемнің 11,5%-ы өндірілді.

ИННА ПИСКУНОВА, «МАСЛОДЕЛ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

– Бізде сүттің майлылығы – 3,2%, 2,5%, 6% құрайтын бірнеше түрі бар. Біз кілегей, әр түрлі майлы қаймақ, концентрат шығарамыз. Кәсіпорында 681 адам жұмыс істейді. Өнімдеріміз теміржол арқылы тасымалданады. Өзіміздің кәсіпорынға тиесілі 117 вагонымыз бар. Сүт Қазақстанның барлық қалаларына жеткізіледі.

Үкімет басшысы, сонымен қатар, Жұмысшы кенті мен облыс орталығын байланыстыратын темір жол арқылы өтетін жол өткелінің құрылысымен де танысты. Өткелдің жобалық қуаты 1,2 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары былтыр қыркүйек айында басталған. 2025 жылы өңір тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа жоба 1961 жылы салынған жол өтпесіндегі жүктемені азайтып, кейіннен күнделікті қозғалысты тоқтатпай, күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа жол өтпесінің ашылуы ірі көлемді жүк көлігі қозғалысын жаңа көпірге бағыттап, сондай-ақ, ескі көпір арқылы жеңіл көліктер мен автобустардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жол ашады. Жобаға «Бука» ЖШС жауапты.

РУСТАМ ТУРЖАНОВ, «БУКА» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

– Өткел құрылысында қазір ешқандай қиындық жоқ. Жұмысшылар жеткілікті. Келетін техниканы есептемегенде 40 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта біз темірбетон конструкцияларын салып жатырмыз. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

Олжас Бектенов жол-көлік инфрақұрылымы Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Биылдың өзінде өңірде республикалық және жергілікті маңызы бар ортақ пайдаланылатын автожолдарды салуға және жөндеуге 39 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

 

“Қызылжар” телеарнасы