Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл 2-ЖЭО-ын жаңғырту қарқыны тексерілді

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысымен танысты. «Севказэнерго» АҚ-ның Петропавл 2-ЖЭО-сын аралау кезінде тұрғындарды жылу энергиясымен сапалы және үздіксіз қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:

– Бүгінде станцияның тозуы 57,4 пайызды құрайды. Орталықта 12 қазандық бар. Оның бірі 2027 жылға дейін қайта қалыпқа келтіруден өтуде. 7 турбоагрегат барын да айта кету керек. №1 турбоагрегат жөндеу көріп жатыр. Істі аяқтау 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Бұл өзгеріс қосымша жылу энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді. Біз жаңа темірбетон мұржасының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жаңа түтін мұржасын тұрғызу – негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2024 жылы инвестициялық және жөндеу науқаны аясында Петропавл 2-ЖЭО-да 17,6 млрд теңгенің жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
2027 жылға дейін 739 шақырым электр желілері мен 240 қосалқы станция салу үшін жыл сайын бюджеттен 4 млрд теңгеден қаражат бөлу көзделіп отыр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

– Күзгі-қысқы кезеңнің қалыпты өтуі, сондай-ақ, халықты жылу және электр энергиясымен тиісті деңгейде қамтамасыз ету – ерекше бақылауда. Станцияда жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақытылы және толық орындап, осы жылдың соңына дейін жаңа түтін мұржасының құрылысын аяқтау қажет. Үкімет тарапынан ең маңызды жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау көрсетілетін болады.

Петропавл ауыр машина жасау зауытының тамырына қайтадан қан жүгіргеніне де біршама болды. Петропавлдағы іргелі кәсіпорын ірі компаниялардың тапсырысын орындайды. Бүгінгі күнге дейін 18 млрд теңгенің өнімін шығару бойынша келісімге келіпті. Зауытпен Олжас Бектенов жіті танысты.

АРМАН ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

– Біздің зауытта 400-ден астам адам істейді. Орташа жалақы 250 мың теңгеден асады. Қазіргі уақытта барлық жұмысшы тегін тамақтанады. Шипажайлық демалыс, медициналық сақтандыру деген бар. Ол арқылы кез келген жұмысшы кез келген емдеу орнына бара алады. Дәрілер тегін беріледі.

«Мұнаймаш» АҚ-ны да көпшілік біледі. Бұл кәсіпорын – отандық мұнай-газ саласындағы алпауыттардың бірі. Яғни, жергілікті өнім көбінесе еліміздің батысына асады.

СПАРТАК ПУШКАРЁВ, «Мұнаймаш» АҚ бас директоры:

– Біздің негізгі тұтынушыларымыз – Қазақстанның батысындағы кен орындары. Олар: «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және «Ембімұнайгаз» АҚ. Бүгінде біз терең штангалы сорғыларымызбен отандық нарықтың 90%-ын қамтып отырмыз.

«Мұнаймаш» АҚ танысу барысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке өндіріс ошағының алдағы жоспарлары айтылды.

 

Байболат Құлтанов