Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен Үкімет басшысы келді

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов келді. Алдымен Үкімет басшысы облыстағы су қоймаларының жай-күйімен және тасқынға қарсы шаралармен танысты. Қазіргі уақытта Петропавл торабы қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚФ директоры:

– Есіл өзенінің негізгі реттеушісі Сергеев су қоймасы болып табылады. Оның сыйымдылығы 693 млн текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда нысанның толу көрсеткіші 82% құрайды. Болжам бойынша биыл қоймаға 2 млрд 400 млн текше метр көлемінде тіршілік көзі түседі. Ал Есіл өзенінің негізгі көтерілуі сәуір айында күтіледі. 2022 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тораптарымыз көп факторлы сараптамадан өтті. 28 млн теңге жұмсалды. Қоймалардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп танылды.

Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

– Қауіп төнген кезде, дер кезінде шұғыл шаралар қабылдау керек. Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны орын алды. Барлық күштер жұмылдырылды. Жағдай күрделі. Көмек көрсетіледі, Үкіметтің назарынсыз ешкім қалмайды.

СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.

 

Байболат Құлтанов