Қоғам

Мемлекеттік қызмет: 4 адамның құқығы қалпына келтірілді

Тұрғындардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру – Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты облыстық департамент мамандарының негізгі міндеті. Халықтан түсетін базына аз емес. Мысалы, өткен жылы 40 өтініш қабылданыпты. Олар бойынша жоспардан тыс 7 тексеру жүргізілген, құзыретті органдарға сұрау салулар жолданған екен.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Өткен жылы департамент өкілдерінің араласуымен 4 адамның құқығы қалпына келтірілді. Олардың мәселелері әр түрлі. Шағымдардың бірі мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіруге қатысты болды. Біздің мамандар көмек қолын созудың арқасында оң шешім қабылданып, тиісті шарт жасалды. Сонымен қатар, науқас №1 қалалық емханаға тіркелді. Бұған дейін оның өтініші заңсыз негізде кері қайтарылып келіпті.

Тағы бірде қалалық әкімдікте пәтер кезегінде тұрған жерлесіміздің өтініші қаралыпты. Мамандардың еңбегі зая кеткен жоқ. Тексерулердің нәтижесінде петропавлдықтың кезегі бақандай 67 сатыға жылжыған.

ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Департамент мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын қашықтықтан да бақылап отыр. Бақылаулар барысында заңнаманы бұзудың 117 фактісі анықталды. Өтініштерді уақытында тіркемеу, сапасыз жауап ұсыну және осы сынды тағы да басқа жайттар орын алды. Біз осыларды алға тарттық. Нәтижесінде 28 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Дегенмен, өңірімізде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы төмен деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Дулат Тайшабайтың сөзінше, облыс жылда республикалық тізімнің алдыңғы жағынан орын алады.

 

Байболат Құлтанов