Білім

“IQanat” олимпиадасының 2-ші кезеңі басталды

280-нен астам оқушының басын қосқан дода. Түрлі мүмкіндікке толы “IQanat” олимпиадасының алғашқы кезеңі ауқымды түрде өткен болатын. Енді міне араға уақыт салып, алғашқы сынақтан сүрінбей өткен ұл-қыздар 2-ші турда сынға түспек. Айта кетейік, олимпиадаға қатысушылардың барлығы – 8-сынып оқушылары.

ДИЛЯРА БЕКБОЛАТОВА, ұйымдастырушы, Астана қаласы:

– Алғашқы тур әр ауданның өзінде өтті. Қазақстан бойынша оған 50 мың бала қатысқан болатын. Соның арасынан 2-ші кезеңге 10 мың бала іріктелді, ал 3-ші турға 1000 бала өтетін болады. Олимпиада тест түрінде өтеді. Пәндер әр түрлі.

Жалпы, ауыл балаларына арналған “IQanat” сайысы – жарқын болашақтың кепілі. Қос кезең қорытындысында ақтық сынға басқалардан алға озған дарынды 1000 баланы мынадай мүмкіндіктер күтіп тұр.

ДИЛЯРА БЕКБОЛАТОВА, ұйымдастырушы, Астана қаласы:

– Олимпиада біріншіден Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқуға, сайыстан кейінгі үшжылдық тегін қолдануға қабылданып, балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындала алады. Жетекшілік жұмыстар да жасалмақ.

Ақыл мен ой сынға түсетін сайысқа теріскейдің әр жерінен ұл-қыздар келген. Арасында айыртаулық Мұрат Тащанов та бар. Биология пәнінен сынақ тапсыратын жас республикалық сайысқа өтуге нық дайын.

МҰРАТ ТАЩАНОВ, “IQanat” олимпиадасына қатысушы, Айыртау ауданы:

– Мен “IQanat” олимпиадасына барымды салып, мықтап дайындалдым. 3-ші кезеңге өткім келеді. Себебі, бұл жарыс көп мүмкіндіктер мен жетістіктерге жетелейді. Мүмкіндік беріп тұрғанда, қолдану керек деп ойлаймын.

Айта кетейік, аталған белесті бағындыруға күш салып жатқан 10 мыңнан астам баланың 70%-ға жуығы әлеуметтік осал топтан. 91%-дан астамы көпбалалы отбасыдан шықса, 13%-ы – толық емес отбасы балалары.

 

Ақжүніс Мұқатай